Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс орталығының дамуы, болашақтағы перспективалары мен алға қойылған міндеттері туралы баяндады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Қонаев және Алатау қалалары бүгінде аймақтағы негізгі өсім нүктелеріне айналып, қарқынды дамып келеді. Бұл қалалардың инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа әлеуметтік және экономикалық жобалар жүзеге асырылуда.
Қонаев қаласының дамуы
Соңғы үш жылда Қонаев қаласының бюджеті төрт есеге өсіп, 37 млрд теңгеден асты (2021 жылы – 9,2 млрд теңге). Осы кезеңде:
- 133 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 19 үйден тұратын 79,5 мың шаршы метрді құрайтын 859 пәтер жеке құрылысшылардың есебінен салынды.
- Қалада заманауи «Аристократ», «SUN CITY», «NJ Towers» бизнес-класс тұрғын үй кешендері бой көтерді. Бұл жобалар Қонаевты жаңа тұрғындар үшін тартымды қалаға айналдыруда.
- 900 орындық жаңа мектеп ашылып, білім алуға қолжетімділікті арттырды.
- 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жаңартылды.
- 61 шақырым инженерлік және жол инфрақұрылымы қайта жаңартылды.
- 30 аула, 11 саябақ пен аллея, сондай-ақ бірнеше спорт алаңдары абаттандырылды.
- Қаланың Орталық саябағы мен Жеңіс саябағы, набережная мен жағажай аумақтары толығымен жаңартылып, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды.
Халықаралық деңгейдегі іс-шаралар
Қонаев қаласында халықаралық маңызы бар іс-шаралар өткізіліп келеді. Олардың қатарында «Qonaev International Balloon Fest» әуе шары фестивалі мен «Oceanman» ашық су жарысы бар. Бұл іс-шаралар аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, туристер ағынын көбейтуге ықпал етті. Нәтижесінде, туристер саны 6,5%-ға артып, 67,8 мыңнан 72,2 мың адамға жетті.
Жеке инвестициялар және жаңа жобалар
Жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 75,2 млрд теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың аясында 612 жаңа жұмыс орны құрылды. Ірі жобалар арасында:
- «Оспанова Девелопмент» ЖШС – балық өнеркәсібі кешені;
- «RUN Planet Organic» ЖШС – алма өңдеу және алма шырынын өндіру цехы;
- «QAZAQ SMART ENERGO» ЖШС – генерациялық станция (1-кезең);
- 2,2 МВт қуатты гидроэлектр станциясы.
Алатау қаласының перспективалары
Қонаев пен Алатау қалаларының дамуы Алматы облысының әлеуметтік және экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырып, өңірді Қазақстанның жетекші аймақтарының біріне айналдырады. Әлеуметтік инфрақұрылымның жаңартылуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы Алматы облысын қарқынды дамудың жаңа кезеңіне шығармақ.





