Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирург-дәрігерлері Айдос Талапұлы Қизатов пен Тахир Закирович Шкуралиев қазіргі таңда Санкт-Петербург қаласындағы И.П. Павлов атындағы Бірінші мемлекеттік медициналық университетінде екі апталық біліктілік арттыру курсынан өтуде.
Мамандар асқазан-ішек жолдары ағзаларына жасалатын лапароскопиялық операциялардың озық әдістерін меңгеруде. Бұл — іш қуысына үлкен тілік жасамай, шағын тесіктер арқылы орындалатын заманауи аз инвазивті хирургия. Лапароскопиялық тәсіл тіндердің зақымдануын азайтып, науқастардың операциядан кейінгі ауырсынуын төмендетуге және оңалту кезеңін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Айдос Талапұлының айтуынша, оқу барысында дәрігерлер ашық және лапароскопиялық әдіспен жасалатын түрлі күрделі операцияларға тікелей қатысуда.
«Басты назар — лапароскопиялық хирургияға бағытталған. Бұл әдіс арқылы пациенттердің ағзаларына минималды араласу жасалып, тез сауығуына жол ашылады», — дейді дәрігер.
Бүгінге дейін жергілікті мамандар лапароскопиялық гастрэктомия (асқазанды алып тастау), сол жақты колэктомия (тоқ ішектің сол жақ бөлігін алып тастау), жарыққа жасалатын лапароскопиялық операциялар, сондай-ақ бауырдың сол жақ бөлігін алып тастау — гемигепатэктомия секілді жоғары технологиялы күрделі операцияларға қатысты.
Тахир Закирович Шкуралиевтің айтуынша, бұл білім беру бағдарламасы заманауи аз инвазивті тәсілдерге басымдық береді және аймақтық хирургияны жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Оқыту курсын медицина ғылымдарының докторы, 30 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты хирург, кафедра меңгерушісі Андрей Юрьевич Корольков жүргізуде. Курс аяқталуы келесі айдың басына жоспарланған.
Алматы облысының дәрігерлері жинаған жаңа білім мен тәжірибе болашақта аймақтағы жоғары технологиялы хирургиялық көмектің дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.





