Ал ұзақтығы 164 шақырым болатын жылу желілерінің тозуы 42%-ды құрайды. Биыл 22 орталықтандырылған қазандықтағы 35 қазанға (күрделі жөндеу – 1, ағымдағы жөндеу – 34) жөндеу жасалды.
«Облыс орталығы – Қонаев қаласында 7,2 км жылу желілерін жөндеу және салу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толығымен аяқталды. Шаһардағы 278 көппәтерлі тұрғын үй, әлеуметтік нысандар жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Қаланы жылумен қамтамасыз етуді «Жылу орталығы» мекемесі жүзеге асырады», – деп жазды басқарма.
Аудандарға тоқталсақ:
- Талғар қаласында 33, Бесағаш кентінде 2 блоктық-модульдік қазандық бар. Олардың барлығы 2019-2021 жылдары салынған. Нысандарға ағымдағы жөндеу жасалды;
- Есік қаласында 15 блоктық-модульді қазандық жұмыс істейді. Олар былтыр ғана қолданысқа берілген. Ағымдағы жөндеу жасалып, жылыту маусымына дайындық 100% аяқталды;
- Қаскелең қаласында 7 қазандық бар. Олар 2010-2021 жылдары салынған. Биыл қызмет көрсетуші «BeyAzh Trans» ЖШС тарапынан 138 млн. теңге сомасына қазандық жабдығын жөндеуге бюджеттік өтінім дайындады. Қазандықтар жылыту маусымына дайын;
- Боралдай, Өтеген батыр, Көктерек, Чапаев, Бақанас ауылдарында да қазандықтар орналасқан. Боралдай кентінде жөндеу жасау үшін облыстық бюджеттен 450 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ 5,8 км жылу желілерін жөндеу үшін аудандық бюджеттен 384 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда мердігер анықталып, демонтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Орталықтандырылған жылуға қосылмаған әлеуметтік нысандарға қажетті сұйық отынның көлемі 15,3 млн литр, қатты отын 4,6 мың тонна. Бүгінде мекемелерге 3,5 мың тонна көмір, 1,7 млн. литр сұйық отын жеткізілген», — делінген хабарламада.
Ал жеке үйлердің қатты отынға қажеттілігі 730 мың тоннаны құрап отыр. Тұрғындарға 211 мың тонна көмір жеткізілді. Тұйықтар мен қоймаларда 43 мың тонна қатты отын бар.
«Әбден тозығы жеткен проблемалық қазандықтар немесе жылу желілері жоқ. Облыстағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары әкімдіктің қатаң бақылауында», — деп жазды басқарма.





