Жоба аясында жабық түбірлік жүйе негізінде жылына 6 миллионға дейін көшет өсіретін кешен бой көтермек. Бұл әдіс өсімдіктердің жерсіну көрсеткішін арттырып, өңірдің орман қорын тиімді толықтыруға жол ашады. Құрылыстың жалпы құны 3,5 млрд теңге деп бағалануда. Жоба лизинг тетігі арқылы және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазірдің өзінде 9 гектар жер телімі бөлініп, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Алматы облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап өтті:
«Қонаев қаласында орман питомнигін құру – өңірді сапалы көшет материалымен қамтып қана қоймай, аймақаралық деңгейде жеткізілім жасауға мүмкіндік береді. Бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтауға әрі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға елеулі үлес қосады», – деді ол.
Жоба ормандарды қалпына келтірумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, агробизнес үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады. Сондай-ақ, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарға толық сай келеді. Президент табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологияны қорғауды, сондай-ақ «жасыл экономиканы» орнықты дамудың негізгі тірегі ретінде дамытуды ерекше атап өткен болатын. Сарапшылардың пікірінше, Қонаевтағы питомниктің іске қосылуы өңірдің экологиялық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің оңтүстігіндегі орманды қалпына келтіру жұмыстарына тың серпін береді.





