Осы уақыт аралығында жалпы аумағы 483,6 мың гектарды құрайтын 1 488 жер телімі мемлекет қорына қайтарылды. Бұл шаралар жер ресурстарын тиімді пайдалану және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мақсатында жүзеге асырылуда.
Мемлекетке қайтарылған жер телімдері кезең-кезеңімен игерілу үстінде:
165,6 мың гектар конкурс арқылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді;
142,3 мың гектар ауылдық округтерге бекітіліп, тұрғындарды жайылыммен қамтамасыз етуге бағытталды;
18,6 мың гектар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға берілді.
Бұл жұмыстар жердің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
2022–2025 жылдар аралығында аудан және қала әкімдіктері ҚР Жер кодексінің 92, 94 және 147-баптарына сәйкес жалпы аумағы 195,6 мың гектарды құрайтын 930 пайдаланылмай жатқан жер учаскесіне қатысты материалдарды Жер ресурстарын басқару департаментіне (ЖРБД) жолдады.
2025 жылдың басынан бері Қонаев қаласының әкімдігі де бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтті. Биылғы жылдың өзінде ғана ЖРБД-ға 55 жер учаскесіне қатысты құжаттар жолданған. Оның ішінде:
42-сі – коммерциялық,
13-і – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер.
Аталған учаскелер Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің маңында орналасқан. Сонымен қатар, жер пайдаланушыларға 61 ескерту-хат жіберіліп, заң талаптарын орындау қажеттілігі түсіндірілді.
Жерді мемлекетке қайтару аясында бұрынғы лауазымды тұлғаларға тиесілі жерлер бойынша да тексеру жұмыстары жүргізілуде. Анықталған деректер қатарында:
2006 жылы Іле ауданы әкімдігінің қаулысымен «Монтажник» шаруашылығына 13 883,9 га жер бөлінген;
2005–2007 жылдары «DALA INVEST GROUP» ЖШС-не 2 952,07 га жер берілген;
2022 жылы «AL-AGRO GROUP» ЖШС-не 44,93 га жер нотариалдық келісім негізінде өткен;
Алатау қаласында 28,7 га жер телімі тіркелген;
2013–2025 жылдар аралығында «Billboards Empire» ЖШС Іле ауданында, Қонаев және Алатау қалаларында жарнамалық билбордтарға арналған 38 жер учаскесін рәсімдеген.
Барлық шешімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылдануда. ҚР Жер кодексінің 147-бабына сәйкес, жерді бөлу және пайдалану заңдылығын тексеру құзыреті Жер ресурстарын басқару департаментіне жүктелген.
Қажетті шаралар қабылданғаннан кейін қосымша ақпарат ресми түрде жарияланатын болады.
Бұл жұмыстар облыс тұрғындарын жайылым жермен қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы мен инвестициялық жобаларды дамытуға және жер ресурстарын тиімді игеруге жол ашпақ.





