Олимпиада Ш.Смағұлов атындағы «Білім-инновация» лицейінің (БИЛ) және Абай атындағы мамандандырылған гимназия-интернатының базасында өткізілді. Зияткерлік сайыстың басты мақсаты – дарынды оқушыларды қолдау, олардың білім деңгейі мен зияткерлік қабілеттерін дамыту.
Ш.Смағұлов атындағы «БИЛ» базасында орыс сыныптарындағы қазақ тілі, ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ сыныптарындағы орыс тілі, информатика, физика және химия пәндерінен сайыс өтті. Ал Абай атындағы мамандандырылған гимназия-интернатында құқық негіздері, Қазақстан тарихы, география, математика, биология, орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша білім сыналды.

Облыстық кезеңге барлығы 747 оқушы қатысты. Оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша – 364, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта – 383 оқушы бақ сынады.
Олимпиада кестесіне сәйкес, 5 қаңтар – қатысушылардың келу күні болса, 6 қаңтарда бірінші тур, 7 қаңтарда екінші туры болды. 8 қаңтар – апелляцияға өтініш беретін күн болып белгіленді. Аталған кезеңге Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Балқаш және Жамбыл аудандарынан келген оқушылар қатысты.

Олимпиаданың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында барлық аудиторияларда YouTube платформасы арқылы бейнебақылау жүргізілді. Облыстық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен оқушылар республикалық кезеңде Алматы облысының намысын қорғайтын болады.





