Фестиваль аясында республикалық «Жолан жүйрігі» ат жарыстары ұйымдастырылды. Шараға елдің түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден келген шамамен тоғыз мың қонақ қатысты. Бұл – қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасының қайта жанданып келе жатқанының айқын көрінісі болды.
«Қымызмұрындық» – жаз жайлауға көшкен соң алғашқы қымыз сапыруға арналған көне дәстүр. Бұл ғұрып – молшылықтың, табиғатқа құрметтің және қазақы қонақжайлықтың белгісі. Фестивальде дәстүр толық сақталып, кимешек киген әжелер шашу шашып, бауырсақ пен бал қымыз ұсынып, келген қонақтарды төрге шығарып қарсы алды. Қонақтарға ұсынылған шипалы қымыздан шамамен 100 бөшке дайындалған.
Фестиваль салтанатты театрландырылған көрініспен ашылып, 50 шабандоздан құралған салт атты шеруімен жалғасты. Шеруді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым бастап, дәстүрлі бата берді.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим қатысушыларға арнаған сөзінде:
«Қымызмұрындық – халқымыздың рухани коды. Қымыз – жай ғана сусын емес, ол ғасырлар бойғы өмір салты мен даналықтың көрінісі. Бұл мереке адамдарды жақындастырып, көршілік пен достықты нығайтады. Шара аясында Жолан Омарұлына арналған бәйге мен ұлттық спорт сайыстары өткізіледі», – деді.
Фестиваль барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамоталары Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековке және «ASK Capital» ЖШС өкілі Сырым Күлбаевқа табысталды.
Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Канибек Абиев, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Күлкенов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов, Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы болды.
Жолан Омарұлының әкесі Ыбырайақын аға ұйымдастырушылар мен Кеген жұртшылығына алғыс білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Нұрбахыт Теңізбаевқа ризашылығын жеткізді.
Фестиваль аясында Кеген ауданының ауылдары киіз үйлер тігіп, этноауылдар құрды. «Ауыз тию» рәсімі көрсетілді. Ауданның ақсақалы Жетен ата бата беріп, келіні Айнара бие сауу рәсімін көрсетті.
Қонақтар киіз басу, кілем тоқу, ұн тарту, көрпе тігу және қымыз дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Жалаулы ауылының тұрғыны Толқын Қалдыбайқызы 150 литр қымыз әкеліп:
«Біздің қолда 12 бие бар. Қымыз – шипалы, табиғи сусын. Оны газды сусындармен салыстыруға келмейді», – деді.Ауыл шаруашылығы техникалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. «Беларусь Агро Техника» компаниясы өз тракторларын тиімді лизинг шартымен ұсынды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим жаңа техникалардың кілттерін жергілікті шаруаларға табыс етті. Олардың бірі – «Ерген» шаруашылығының төрағасы Рақымжан Абдрахманов:
«Осындай ерекше күні жаңа техникаға ие болу – үлкен қуаныш. Бұл фестиваль – жастарға үлгі болатын, дәстүрге оралуға бастайтын маңызды шара», – деді.
Мерекелік көңіл-күйді Рамазан Стамғазиев, Алтынбек Қоразбаев, Бейбіт Мусаев, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған және «Алатау серілері», «Абырой» ансамбльдері мен Сүйінбай атындағы филармония әртістері жандандыра түсті.
Кеген ауданының әкімі Нұрбахыт Теңізбаев фестивальдің ұлттық мұраны, дәстүрлі спортты, ауыл еңбегін және ішкі туризмді дәріптеудегі маңызын ерекше атап өтті.
Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті: қыз қуу, бөрене көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» палуандар сайысы, 15 литр қымыз ішуден жарыс және «Топжарған» шоу бағдарламасы.
Жетісу өңірінің тұрғыны Айдын Нұғыманов 120 келілік қошқарды көтеріп, осымен 35-рет жеңімпаз атанды.
Фестивальдің басты оқиғасы – республикалық «Жолан жүйрігі» бәйгесі болды. Жарыстар 9 км (құнан бәйге), 18 км (топ бәйге), 31 км (аламан бәйге) қашықтықтарында өтті. Бас жүлдеге екі автокөлік және 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тігілді.
Аламан бәйгеде Жамбыл облысынан Айдар Нұрмұхамбетовтың «Айбалта» атты тұлпары мәре сызығын бірінші кесіп, Changan автокөлігін ұтып алды.
Топ бәйгеде Алматы облысынан Магауия Қазбековтың «Калкаман» атты тұлпары бірінші келіп, тағы бір Changan автокөлігіне ие болды.
Құнан бәйгеде Қырғыз Республикасынан Сталбек Жаманқұловтың «Роки» атты тұлпары жеңіске жетіп, 2 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.
«Қымызмұрындық-2025» фестивалі ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және қазақ халқының рухани құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған тағылымды шара ретінде ел есінде қалды.





