Жоба аясында жалпы ұзындығы 74 шақырым болатын жолдың екі бөлігі — 0–37 және 37–74 шақырым аралығы орташа жөндеуден өтуде. Бұл – өңір тұрғындары үшін ғана емес, Кеген мен Райымбек аудандары арасындағы байланысты нығайтатын маңызды инфрақұрылымдық бағыт.
Жол жөндеу жұмыстарын «Нұрлы жол – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Ал техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС атқаруда. Жобаның жалпы құны 8,002 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 7 мың м³ қиыршық тас дайындалған. 4 шақырым жолда ресайклирлеу жұмыстары (ескі жол қабатын қайта өңдеу әдісі) орындалған. Сонымен қатар, 2 шақырым жолда жол жабындысының төменгі қабаты төселді. Құрылыс жұмыстарына 44 техника бірлігі мен 71 жұмысшы жұмылдырылған.
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев құрылыс нысанындағы жұмыс барысымен таныса келе, жобаның орындалу қарқынына ерекше назар аударды. Ол:
«Жол — халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ең өзекті инфрақұрылым. Сондықтан бөлінген қаржыны тиімді игеріп, жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтау қажет. Бұл бағыттағы тапсырмалар нақты әрі мерзіммен бекітілуі тиіс», – деп атап өтті.
Сондай-ақ облыс әкімі бұл жол — жергілікті тұрғындардан халықпен кездесулер барысында жиі көтерілетін мәселелердің бірі екенін еске салып, осындай инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Айта кетейік, Алматы облысында соңғы жылдары жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл — өңір экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.





