Жиында ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, жүзеге асырылып жатқан реформалар және жаңа стратегиялық бастамалар таныстырылды.
Кездесу барысында вице-министр өңірдегі ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының даму перспективаларын атап өтті. Оның айтуынша, 2023–2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүйелі шаралар жүзеге асуда.
Ешенқұловтың мәлімдеуінше, тең және қолжетімді білім беру үшін гранттар саны мен стипендия мөлшері ұлғайтылып жатыр. Сонымен қатар «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіліп, сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері іске қосылады.
Вице-министр Қазақстан жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын да айтты. QS World University Rankings рейтингінде 21 отандық ЖОО, ал Times Higher Education тізімінде 5 университет бар. Назарбаев Университеті алғаш рет әлемдік ТОП-500 қатарына кірген.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл білім беру жүйесінің әлеуетін арттыруға, халықаралық тәжірибе мен технология трансферін күшейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 40 стратегиялық серіктестік бар, оның 33-і түрлі модель бойынша жұмыс істейді», – деді Талғат Ешенқұлов.
Оның айтуынша, бұл серіктестіктер өңірлердің сұранысына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, сондай-ақ ЖОО-лардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайтуға жол ашады.
Кездесуде азаматтардың ұсыныстары мен сұрақтары тыңдалып, саладағы өзекті мәселелер бойынша кері байланыс орнатылды. Іс-шара соңында вице-министр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады.





