2024 жылғы 26 сәуірде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бастамасымен «Біз болашаққа бірге дән егеміз» атты акция бастау алған болатын. Өткен жылы өңірдегі барлық мектеп ауласында ағаш тұқымдары егілді. Алдағы уақытта қосымша 6,79 гектар аумаққа 11 237 көшет отырғызу жоспарланып отыр. Тек мектептердің өзінде 11,2 мыңнан астам ағаш егілді.
Әкімнің айтуынша, бұл бастама табиғатты қорғау ісінде үлкен рөл атқарады:
«Президент орман қорына 2 миллиард, елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу жөнінде нақты міндет қойды. Алматы облысы осы жалпыұлттық іске қомақты үлес қосып келеді. Мектеп аулалары мен саябақтар жасыл желекке толып, жас ұрпақтың табиғатты аялауға деген көзқарасын қалыптастыруда», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Экологиялық науқанға өңірдегі мектеп оқушылары ерекше белсенділікпен қатысты. Жалпы 340 мыңнан астам бала ағаш отырғызу шарасына атсалысты.
Қонаев қаласының 4-сынып оқушысы Сабит Айсулу бұл игі істің мәнін былайша жеткізді:
«Біз сыныптастарымызбен бірге ағаш тұқымдарын отырғыздық, қазір олар көктеп өсіп келеді. Үзілісте су құйып, күтіп-баптаймыз. Бірнеше жылдан кейін бұл жерде жасыл бұрыш пайда болады. Ол біз үшін естелік, ал келер ұрпаққа сыйлық болады», — деді ол.
Жалпы, Алматы облысында қолға алынған бұл бастама табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырумен қатар, жас ұрпақтың экологиялық санасын арттыруға ықпал етуде.





