Іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.
Негізгі тақырып — органикалық және көміртекті егіншілік
Шарада ауыл шаруашылығында көміртекті және органикалық егіншілікті дамыту, климаттың өзгеруіне бейімделу және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу мәселелері талқыланды. Отырыс барысында деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, экологиялық агротехнологияларды енгізу, цифрлық шешімдер мен ғылыми тәсілдер таныстырылды.
Ғылым мен өндіріс тоғысқан диалог алаңы
Форумға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, еліміздің жетекші ғалымдары, фермерлер, халықаралық ұйым өкілдері (БҰҰДБ, ФАО), сондай-ақ Канададағы Альберта университетінің профессоры онлайн режимде қатысты.
ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев Қазақстанның көміртек секвестрациялау әлеуетінің жоғары екенін атап өтті:
«Қазір елдегі 90 млн гектар ауыл шаруашылығы жерінің 29 миллионы құнарын жоғалтқан. Топырақтың 63%-ында қарашірік деңгейі төмен. Біз көміртек полигондарын құрып, цифрлық кадастр енгізу, жасанды интеллект пен геоақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы бұл жағдайды түбегейлі өзгерте аламыз. Бұл – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына негіз болатын жүйелі қадам», — деді ол.
Өңірдің аграрлық әлеуеті өсіп келеді
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде өңір агросаясаты ғылым мен технологияға негізделіп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 679,2 млрд теңгеге жеткен. Ет, өрік және құс еті өндірісінде облыс республика бойынша алдыңғы орында тұр.
«АӨК экспорты 39%-ға артты. 2400 шақырым суару желілері қалпына келтіріледі. “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 1360 жоба қолдау тапты, ал ауыл тұрғындарының табысы 22,7%-ға өсті. Бірақ ең бастысы — жерге ұқыппен қарау, ғылым мен цифрландыру арқылы тұрақты шешімдер енгізу», — деді өңір басшысы.
Көміртек – қосымша табыс көзі
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов аграршыларды карбондық әдістерге көшуге ынталандыру қажеттігін атап өтті:
«Жер тек өнім көзі емес, көміртек жобалары арқылы табыс көзіне айналуы мүмкін. Біз осы үдерістерді ашық әрі экономикалық жағынан тартымды етуіміз қажет», — деді ол.
Нақты қадамдар мен ұсыныстар
Пленарлық отырыста көміртек полигондарын құру, фермерлерді экологиялық агротехнологияларға ынталандыру, көміртек қорларын цифрландыру және Қазақстанның көміртек офсеттері халықаралық нарығына қатысу мәселелері жан-жақты қаралды.
Кездесу соңында ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге арналған ұсыныстар қамтылған арнайы резолюция қабылданды.
Болашақ әлеуеті зор
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстан жыл сайын 535 млн тонна көмірқышқыл газын секвестрациялау мүмкіндігіне ие. Егер «жасыл» агропрактикалар тиімді енгізілсе, 2050 жылға қарай көміртек офсеттері саудасынан жылына 25 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс табуға болады.





