Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің қатысуымен Ауыл шаруашылығы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекенің мақсаты – өңірдің аграрлық секторындағы жетістіктерді атап өтіп, үздік мамандар мен шаруашылық өкілдерін марапаттау.
Іс-шара «Мәдениет үйі» алдындағы ауыл шаруашылығы көрмесін аралаудан басталды. Көрмеде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологиялар, заманауи жабдықтар, жергілікті өндірушілердің өнімдері және шаруашылықтардың жетістіктері таныстырылды.
Салтанатты жиында әкім Марат Сұлтанғазиев жиналғандарды Ауыл шаруашылығы күнімен құттықтап, аграрлық саланың өңір экономикасындағы рөлін ерекше атап өтті.
Әкім ауыл еңбеккерлерінің табанды еңбегін жоғары бағалап, саланың тұрақты дамуына олардың үлесі зор екенін айтты.
«Бүгінгі климаттық өзгерістер жағдайында судың құндылығы артып отыр. Сондықтан біз суармалы жерлерді жаңғыртуға, цифрландыру мен үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге ерекше назар аударамыз. Жаңа технологиялар табиғи ресурстарды қорғап қана қоймай, фермердің табысын арттыруға да мүмкіндік береді. Бұл – өнімділікті өсіру, шығынды азайту және бәсекеге қабілеттілікті күшейту. Біз фермерлерді осы бағыттағы жобалармен қолдап, нақты практикалық шешімдер ұсынамыз», – деді облыс әкімі.
Алматы облысы бүгінде еліміздегі ең серпінді дамушы өңірлердің бірі. 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі артып, облыс бұрынғы 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Әкімнің айтуынша, бұл – тиімді стратегиялық жоспарлау мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтың маңдай терінің нәтижесі.
Ауыл шаруашылығы күні аясындағы іс-шара өңірдің дамудың жаңа кезеңіне өткенін көрсетіп, агросектордың әлеуеті одан әрі жоғарылай түсетінін аңғартты.





