Оның айтуынша, тағамнан улану құрамында бактериялар, вирустар, паразиттер немесе токсиндер бар сапасыз өнімдерді тұтынғаннан кейін пайда болатын жедел асқазан-ішек ауруы. Негізгі белгілеріне жүрек айну, құсу, іш өту және іштің ауыруы жатады. Әдетте мұндай симптомдар тамақтан кейін 2–4 сағат ішінде байқалады.
Мамандардың пікірінше, тағамнан улануды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан мектеп асханаларында санитарлық талаптарды қатаң сақтау маңызды.
Сарапшылар асхана әкімшілігі мен қызметкерлеріне шикізат пен азық-түлікті тек сапасын растайтын құжаттармен қабылдауды, медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлерді жұмысқа жібермеуді ұсынады. Сонымен қатар технологиялық және тоңазытқыш жабдықтарын тұрақты бақылауда ұстап, тағамдарды сақтау және дайындау ережелерін сақтау қажет.
Мамандар күн сайын тағамдарды таратар алдында олардың сапасын тексеріп, арнайы журналға белгілеуді, тәуліктік сынамаларды тоңазытқышта 48 сағат сақтауды және өндірістік бөлмелерде жүйелі түрде ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
Сондай-ақ ата-аналарға балаларға мектепке тез бұзылатын тағамдарды бермеу, тамақ алдында қол жуу дағдысын қалыптастыру және алғашқы ауру белгілері байқалған жағдайда баланы үйде қалдыру ұсынылды. Сала өкілдері қауіпсіз тамақтану — балалардың денсаулығын қорғаудағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.




