Бүгінгі таңда Алматы облысында шамамен 387 жас несие алып, өз кәсібін сәтті жүргізіп келеді. Сонымен қатар, биыл өңірдің тағы 392 жас тұрғыны кәсіпкерлік қызметін бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Amanat» партиясы жанындағы жастарды қолдау кеңесінің отырысында белгілі болды.
Кеңес жастардың әлеуметтік және қоғамдық мәселелерін шешуге ықпал етуді мақсат етеді. Осы мақсатта биыл жастарды қолдауға бағытталған 12 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілген.
«Жастар кеңесінің құрамында әртүрлі саланың мамандары бар. Олардың қатарында дәрігерлер, спорт саласының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, журналистер және белсенді жастар кездеседі. Біз өңірдегі мемлекеттік құрылымдар мен сала басшыларын тыңдап, олар қабылдаған жастарды қолдау шаралары туралы білдік. Сонымен қатар, өз ұсыныстарымызды енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді «Amanat» партиясы жанындағы жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Орынбасаров.





