2022–2024 жылдар аралығында өңірде 176 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды: 2022 жылы – 37 198, 2023 жылы – 68 440, ал 2024 жылы – 70 682. Биылғы жылы тағы 60 мыңнан аса жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Соңғы екі жылда Кегендегі ет комбинаты, «Шин Лайн» фабрикасы, «RG Brands» зауытының жаңғыртылған желілері, «Almaty Insulation» өндірістік нысандары және басқа да кәсіпорындар іске қосылып, ауылдық жерлерде де жүздеген тұрғын жұмыспен қамтылды.
Жастар арасындағы оң өзгерістер де байқалады. «Цифрлық отбасы картасы» жүйесінің деректеріне сәйкес, соңғы бір жыл ішінде NEET санатындағы жастар саны 46 мыңнан 26 мыңға дейін азайды. Бұл – кәсіби бағдар беру, оқыту және жұмыспен қамтуға бағытталған нақты бағдарламалардың нәтижесі.
Аталған «Цифрлық отбасы картасы» жүйесі облыстағы 491,9 мың отбасын (1,7 млн адам) қамтып отыр. Оның ішінде 28,1 пайызы «D» және «E» санаттарына жатқызылған. Жүйенің енгізілуі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2022 жылдан бері облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 61,7 мыңнан 17 мыңға дейін қысқарған.
Отбасы институтын нығайту мақсатында «Аманат» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында барлық аудан мен қалада Отбасыны қолдау орталықтары жұмыс істеуде.
Білім беру саласында да ірі жобалар жүзеге асуда. Ұлттық «Комфортты мектеп» жобасы аясында 2024 жылы облыста 14 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 17 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 91 мектепті жаңғырту бағдарламасы бойынша 20,4 млрд теңгеге 20 нысанға күрделі жөндеу жасалуда. Мектепке дейінгі жастағы 93 мыңнан астам баланы қамту үшін 69,2 млрд теңге бөлінді.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 37 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Мәдениет саласында да бірқатар ауқымды іс-шаралар өтті. Өткен жылы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай Нарынқолда ескерткіш орнатылып, Қонаев қаласының орталық саябағы мен жаңа жағалауға жазушының есімі берілді. Парижде «Менің атым Қожа» кітабы француз тілінде таныстырылып, Анкара, Стамбул және Бакуде халықаралық шаралар ұйымдастырылды.
Биыл композитор, халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар басталды. Пекиндегі мәдени кештен бөлек, Нью-Йоркте халықаралық концерт өткізу жоспарланған. Іле ауданында композиторға арналған ескерткіш пен домбыра бейнелі стела орнатылады.
Жалпы, Алматы облысында экономикалық даму мен әлеуметтік қолдау шаралары өзара сабақтаса жүзеге асырылып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.





