Алматы облысының Өңірлік дамыту орталығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат инновациялық жобаларды, цифрлық шешімдерді және ғылыми зерттеулерді бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді.
Меморандум аясында тараптар жасанды интеллект, Big Data талдау, цифрлық платформалар және басқа да технологияларды енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істейді.
Жоспарланған бағыттардың қатарында:
• суперкомпьютер базасында қала инфрақұрылымын модельдеу;
• климаттық өзгерістерді болжау;
• көлік жүйесін интеллектуалды басқару;
• төтенше жағдайлар тәуекелдерін есептеу;
• энергетикалық желілерді оңтайландыру.
Бұл жобалар өңірдегі цифрлық трансформацияның пилоттық алаңына айналмақ.
Алматы облысы Өңірлік дамыту орталығының басшысы Ақжол Исақов жаңа әріптестіктің стратегиялық маңызын атап өтті:
«Бүгін біз өңірдің болашағына жұмыс істейтін маңызды қадам жасадық. Меморандумға қол қою заманауи зерттеу технологияларына жол ашады. Ғылым, бизнес және мемлекеттік сектордың синергиясы Алматы облысының цифрлық трансформациясына күшті серпін береді деп сенеміз. Алдағы жылдары жобаларды басқару, логистика, АӨК, өнеркәсіп және басқа да салаларға интеллектуалды шешімдерді енгізе аламыз».
Бұл ынтымақтастық Алматы облысында жаңа инновациялық экожүйені дамытуға ықпал етеді. ҚазҰУ-дың ғылыми және кадрлық әлеуетін пайдалану өңірге:
• экономиканың түрлі салаларына озық технологияларды енгізуге;
• ғылыми-білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге;
• болашақтың цифрлық салаларына жоғары білікті мамандар даярлауға жол ашады.
Инвесторлар мен бизнес үшін бұл жобаларды жеделдетуге, сапасын арттыруға және тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін жаңа құралдар мен технологияларға қол жеткізу деген сөз.
Меморандум Алматы облысының цифрлық дамуында жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін маңызды құжат.





