Алғашқы марапат «ASP Арена» холдингінің бас директоры Олег Воронковқа табысталды. Ол Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат кәсіпкердің көп жылғы еңбегін және Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру жолындағы белсенді қызметін жоғары бағалау ретінде берілді.
Сонымен қатар, форум барысында демалушылардың пікірлері мен тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша Қонаев қаласындағы №5 жағажай еліміздегі ең үздік жағажай деп танылды. Мұндай жоғары баға жағажайдың инфрақұрылымының сапасы, сервистік деңгейі және аумақтың абаттандырылуымен тікелей байланысты. Бүгінде бұл жағажай өңір тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып отыр.
Алынған марапаттар Алматы облысының туризм саласындағы табысты саясатының нәтижесі екені сөзсіз. Өңірде соңғы жылдары инфрақұрылымды дамыту, туристерге жайлы жағдай жасау және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Жаңа демалыс аймақтары ашылып, жолдар мен инженерлік желілер жаңартылуда. Арнайы туристік маршруттар мен ақпараттық орталықтар іске қосылған. Мұның бәрі Алматы облысын Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азия кеңістігіндегі тартымды туристік өңірге айналдыруға бағытталған.
Осылайша, Алматы облысы өзінің жоғары туристік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, халықаралық деңгейде лайықты мойындауға ие болды.





