Қонаев қаласында ауыл шаруашылығы күні аясында өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі жетістіктер таныстырылды. Шара барысында мал және өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі, жаңа жобалар және инвестиция тарту нәтижелері кеңінен ұсынылды.
Мал шаруашылығында Алматы облысы ұлттық көшбасшылардың қатарында. Өңір ет өндіру бойынша республикада бірінші орынға шықты. Құс етін өндіруден – екінші, ал сүт пен жұмыртқа өндірісінен – төртінші орында. 2025 жылдың он айының қорытындысы бұл саладағы тұрақты өсімнің сақталғанын көрсетті.
Өсімдік шаруашылығы да жоғары нәтиже көрсетті: облыста 412 мың гектар жерге дақыл егіліп, 2,6 млн тонна өнім жиналды. Жүгері мен өрік өндірісінен өңір республикада бірінші орын алса, алма, алмұрт, соя, жүзім және күріштен – екінші, көкөністен – үшінші орынға шықты.
Ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр. Су үнемдеу технологияларының көлемі бір жылда 1,7 есеге артып, 64,9 мың гектарға жетті. «Assem Kaljat» компаниясы 19 млрд теңге инвестициялап, жылына 100 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда.
Өңдеу өнеркәсібінде де ірі жобалар іске асуда.
– «Қапшағай Бидай Өнімдері» кәсіпорны жылына 1 млн тоннадан астам өнім шығара алады;
– «PepsiCo Central Asia» 20 мың тонна тұзды жеңіл тағамдар өндіретін зауыт құрылысына кірісті;
– «QAZAQ GLOBAL FOOD JV» серіктестігі жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдейтін кәсіпорын салып жатыр;
– Жылдық қуаттылығы 900 мың тонна болатын жаңа қант зауытының жобасы әзірленуде.
Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестиция көлемі 2025 жылдың он айында 111 млрд теңгеден асты, жыл соңына дейін тағы 23,7 млрд теңге инвестиция күтілуде. Барлығы 33,5 млрд теңгенің 17 жобасы жоспарланған, оның сегізі іске асырылды. Сонымен қатар жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 38 ірі жоба өңірлік пулға енгізілген. Олар 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Мал азығы өндірісі жоспары 105,5 пайызға орындалды — жоспарланған 2,941 млн тонна орнына 3,101 млн тонна дайындалған. Сондай-ақ 7,9 млрд теңгеге 448 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Биыл өңір халықаралық деңгейде де танылды: «Даулет-Бекет» ЖШС бастамасымен ұйымдастырылған 1 мың түйелік керуен Гиннестің рекордтар кітабына «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» ретінде енді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, мұндай нәтижелер жүйелі мемлекеттік қолдаудың және ауыл еңбеккерлерінің еңбегінің жемісі:
«Біздің басты мақсатымыз – агроөнеркәсіптік кешенді толық өңдеу бағытында дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл тұрғындарының табысын көбейту. Алдағы жылдары су үнемдеу технологиялары кеңейіп, жаңа өңдеу кәсіпорындары іске қосылады. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады», – деді өңір басшысы.
Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы осы жетістіктері өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.





