«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндетін қойды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш облыстың жалпы өңірлік өнімінің шамамен 6%-ын құрайды. Біздің мақсатымыз – тек көлемді ұлғайту емес, агробизнесті тұрақты, технологиялық әрі бәсекеге қабілетті ету», — деді ол.
Соңғы он жылда көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. 2025 жылы республика бойынша 7 485 шаруашылыққа 490,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Алматы облысындағы 320 аграрий 14,5 млрд теңге қолдауға ие болды.
Фермерлерге қаржыландырудың алты арнасы ашық, «Даму» қоры қарыздарға 85%-ға дейін кепілдік береді. Жеңілдетілген лизинг арқылы облыс шаруалары 2,8 млрд теңгеге 222 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жоспарлап отыр.
2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында шикізат сатып алуға 5%-бен 35 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл сома 44 млрд теңгеге жетеді. 1 тамыздан бастап мал шаруашылығына арналған жаңа жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылып, оған 50 млрд теңге бөлінді.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін қолдану аясында ірі агрожобаларға қаржыландыру жалғасуда. Соңғы жылдары жылына 302 мың тонна сүт өндіруге қабілетті 48 тауарлы-сүт фермасы салынды. Биыл 200 млрд теңгенің 141 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ, оның алтауы Алматы облысында. Бағдарлама ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын, құс өсіруді, көкөніс сақтау қоймаларын салуды және өнімді терең өңдеуді қамтиды.
Кездесуде шаруалар жеңілдетілген несие шарттары, субсидиялар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы қолдау және жер телімдерін бөлу мәселелерін көтерді. Ермек Кенжеханұлы жеке қабылдау өткізіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ұсыныстарын тыңдады.





