Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша облыс түлектерінің 44%-ы — 7 681 адам мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Оның ішінде өңір үшін басым бағыттарға ерекше назар аударылды:
1 440 грант — педагогикалық мамандықтарға,
770 грант — медициналық,
543 грант — аграрлық салаларға бөлінді.
Қалған 4 928 грант елімізде сұранысқа ие басқа да мамандықтарға тиесілі болды.
Айрықша қуаныш тудыратын жайт — халықаралық әріптестік. Биыл Алматы облысынан 37 түлек Қытайдағы Синьцзян университетінде білім алуға барады. Барлық шығынды қабылдаушы тарап өз мойнына алады. Бұл тек әлемдік деңгейдегі білім алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар халықаралық құзыреттерге ие жаңа буын мамандары қатарына қосылуға үлкен мүмкіндік.
Талантты жастарды қолдауда жергілікті биліктің де үлесі зор. Биыл облыс әкімі 40 атаулы грант бөлді. Олардың бөлінісі мынадай:
17 грант — медициналық мамандықтарға,
17 грант — аграрлық салаларға,
6 грант — педагогикалық бағыттарға.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл студенттерге жасалған қолдау ғана емес, сонымен бірге өңірдің адами капиталына жасалған стратегиялық инвестиция. Мұндай грант иегерлерінің туған мектептерге, ауруханаларға және ғылыми мекемелерге оралып, қызмет ететініне сенім білдірілді.
«Бұл жас мамандар өңірдің дамуына тірек боларына сенеміз. Білім беруді қолдау бір реттік шара емес, бүкіл облыстың орнықты болашағын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс», — деді облыстық білім басқармасында.
Сонымен қатар, гранттар мен халықаралық бағдарламалардан бөлек, өңірде мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстары жалғасып келеді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждермен мақсатты оқытуға байланысты меморандумдар жасалып отыр. Бұл түлектерге қандай мамандықтардың сұранысқа ие екенін алдын ала түсінуге және оқу аяқталған соң тұрақты жұмыс орнына ие болуға жол ашады.





