Футболдан әлем чемпионатының финалына шыққан құрамалар үшін де қаржылай сыйақы айтарлықтай ұлғайтылды. Егер 19 шілдеде Нью-Йоркте өтетін финалда Аргентина немесе Испания құрамасы жеңіске жетсе, ұлттық федерациялармен жасалған келісімдерге сәйкес, футболшылар жүлде қорының 45 пайызын өзара бөліседі. Осылайша әр ойыншының сыйақысы 500 мың доллардан асуы мүмкін.
FIFA кеңесі өткен жылдың желтоқсанында әлем чемпионына берілетін сыйақыны 50 миллион долларға дейін көбейту туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатындағы чемпионның жүлдесінен 8 пайызға жоғары. Ол кезде әлем чемпионы атанған Аргентина құрамасы 42 миллион доллар алған еді.
Ал финалда жеңілген командаға 33 миллион доллар беріледі. Бұл жағдайда футболшыларға бөлінетін үлес жүлде қорының 40 пайызын құрайды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 727 миллион долларға жетті
2026 жылғы әлем чемпионатына арналған жалпы қаржылық пакет бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. FIFA турнирге 727 миллион доллар бөлуді мақұлдады. Бұл – Қатарда өткен 2022 жылғы әлем чемпионатымен салыстырғанда шамамен 50 пайызға көп.
Жалпы қаржының 655 миллион доллары турнирге қатысатын 48 ұлттық құраманың нәтижесіне қарай үлестіріледі. Бұдан бөлек, әлем чемпионатына жолдама алған әрбір құрама дайындық шығындарын өтеу үшін 1,5 миллион доллардан алады.
Жүлде қоры қалай бөлінеді?
FIFA бекіткен қаржы үлестіру жүйесіне сәйкес:
- Әлем чемпионы – 50 миллион доллар;
- Күміс жүлдегер – 33 миллион доллар;
- Қола жүлдегер – 29 миллион доллар.
Ал топтық кезеңнен аса алмаған құрамалар 9 миллион доллар, 1/16 финалға шыққан командалар 11 миллион доллар, ал 1/8 финалға өткен құрамалар 15 миллион доллар иеленеді.
Турнирдің ауқымы кеңейеді
FIFA президенті Джанни Инфантино жүлде қорының ұлғаюын турнирдің коммерциялық әлеуетінің артуымен байланыстырды. Оның айтуынша, 2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтеді. Бұл өз кезегінде жарыстың географиясын кеңейтіп қана қоймай, әлемдік футболдың экономикалық мүмкіндігін де жаңа деңгейге көтермек.





