«Тағы 4,9 млн адам – бұл жалдамалы жұмыскерлер, олар үшін жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші төлейді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар негізінде еңбек қатынастарында тұратын 736 мыңға жуық жұмыскер МӘМС үшін жарна төлеген. Сонымен бірге 571 мыңнан астам жеке кәсіпкер, 250 мыңға жуық дербес төлеуші жүйеге төлем жасады. 256 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтушы бірыңғай жиынтық төлем төлеген», – деп хабарлады әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.
Ал қалған 3,1 млн-нан астам азамат бұл жүйеден тыс қалып отыр. Олардың сақтандыру мәртебесі жоқ. Қордың деректеріне сәйкес, олар еңбекке қабілетті тұрғындар. Олар ресми түрде жұмыс істемейді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз тұлғалар.
«Олар үшін жұмыс беруші медициналық сақтандыруға аударым жасамайды да, жұмыскерлердің сақтандыру мәртебелері болмайды. Ал жұмыссыздарға келер болсақ, олар өз өңіріндегі жұмыспен қамту орталығына барып ресми түрде тіркеле алады. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіреді де, олар үшін төлемдерді мемлекет жасайды», – деп түсіндіреді сақтандыру қоры.
Сол себепті де қорға төлем аудармайтын жандарға толыққанды медициналық көмек көрсетілмейді. Былайша айтқанда, денсаулығында кінәрат бола тұра, төлем жасап, сақтандыру мәртебесін аламын дегенше бірқатар медициналық қызмет түрлері қолжетімсіз. Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарға тек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі медициналық қызмет түрлері ғана көрсетіледі. Оған шұғыл медициналық көмек, учаскелік маманның қабылдауы, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіретін көрінеді. Сондықтан да мәртебеңіз анықталғанша (немесе жарна төлегенше) осы қызмет түрлерін тегін ала аласыз деген сөз.
Бұл жүйеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сын айтқан болатын.
«Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды», – деді Президент.
Бұл халықтың МӘМС жүйесіне сенбеуі ме, әлде өз денсаулығына көңіл бөлмеуі ме? Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың ішінде қаламен қатар ауыл тұрғындары бар екенін ескерсек, бұл да бір мәселенің шетін шығарады. Үкіметтің ресми сайтында отандық денсаулық сақтау жүйесіне шолу жарияланған. Мұнда шалғайдағы ауыл тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек туралы да айтылады. Мысалы, 132 070 ауыл тұрғынының денсаулығынан кінәрат анықталған. Оның ішінде 14 630 ауыл тұрғынынан қант диабеті, 812 адамнан глаукома, 8 850 адамнан қанайналым жүйесі аурулары, 58 әйелден сүт безінің обыры анықталған. Ал 22 557 адам бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйым мамандарының динамикалық бақылауына алынды.
Экономист ғалым Сапарбай Жобаев МӘМС әлемдік тәжірибе болғандықтан, оны енгізудегі негізгі мақсат кейбір мүмкіндігі жоқ адамдардың, осал жандардың медициналық көмекке қол жеткізуін қалыптастыру екенін айтады.