Атом энергиясы жөніндегі агенттік, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Халықаралық бағдарламалар орталығы және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС елдегі атом саласының дамуына қажетті кәсіби кадрлық резерв қалыптастыру мақсатында арнайы гранттарды бөлу туралы келісімге келді.
Бұл бастамаға негізгі мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың қатысуы елімізде атом энергетикасын дамыту үшін инженерлік, техникалық және ғылыми бағыттағы мамандарды кешенді түрде даярлауға мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – Қазақстанда алдағы атом энергетикасы жобалары үшін жоғары білікті кадрлар дайындау.
2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында алғашқы 20 грант пилоттық түрде ұсынылады. Алдағы жылдары осындай гранттарды тұрақты түрде бөлу жоспарланып отыр. Бағдарлама жетекші шетелдік университеттерде магистратура мен докторнатура бойынша білім алуды, сондай-ақ халықаралық тағылымдамаларды қамтиды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұл бастаманың стратегиялық маңызына тоқталды:
«Жоба – технологиялық прогресс пен атом технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ете алатын инженерлік және ғылыми кадрлардың жаңа буынын дайындауға бағытталған. Бұл – мемлекет басшысының заманауи энергетикалық кластер қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді. Берілетін гранттар – индустрияның тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын адамдарға салынған инвестиция», – делінген агенттік хабарламасында.
Жаңа бағдарлама Қазақстанның атом энергетикасының болашағына қажетті ғылыми-техникалық әлеуетті күшейтуге және мықты кадрлық база қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.





