Оның пікірінше, бұл қадам Қазақстанды ІІ және цифрлық технологиялар саласында маман даярлайтын алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына шығара алады.
«Қазақстан болашақты ойлайтын, жаңашыл ел ретінде көрініп отыр. Жасанды интеллект университетін құру – уақыт талабы, әрі бұл білім берудің мүлде жаңа моделіне жол ашады», – деді ол.
Minerva басшысы жаңа университеттің міндеті тек ІІ-ді оқыту емес, оны оқу процесінің негізгі құралына айналдыру екенін атап өтті. Жасанды интеллект әрбір студентке жеке білім траекториясын құруға, қабілетін талдауға, қажетті материалдарды автоматты таңдауға және білімді тиімді меңгеруге көмектесе алады. Бұл жағдайда оқытушының рөлі төмендемейді, қайта өзгереді: мұғалім білім берушіден – сыни ойлауды, ІІ логикасын, технологияны этикалық қолдануды үйрететін менторға айналады.
Болашақ университетте ІІ жүйелері кесте құру, жұмыс тексеру, оқу үлгерімін талдау, академиялық процестерді басқару сияқты рутинді міндеттерді орындайды. Ал адам шығармашылық пен зерттеуге, жобалар жасауға, жаңа идеялар ұсынуға ден қояды. Университет дәстүрлі жабық құрылым емес, компаниялармен, стартаптармен, ғылыми орталықтармен, мектептермен байланысқан ашық экожүйе ретінде дамуы тиіс.
«Бұл – студенттер мен оқытушылармен бірге дамитын тірі жүйе болады», – деді Нельсон.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда мұндай жобаны жүзеге асыруға қажетті алғышарттар бар: жас әрі амбициясы жоғары қоғам, инновацияны қолдайтын мемлекеттік саясат және мықты жоғары білім беру базасы. Осы факторлар Қазақстанға адам мен жасанды интеллект бір-бірін толықтыратын жаңа үлгідегі алғашқы университет ашуға мүмкіндік береді. Бұл бастама тұлғаның мүмкіндігін ашуға, әрі болашақ еңбек нарығына сай мамандар даярлауға бағытталған икемді, дербестендірілген және адамға бағдарланған білім беру моделін қалыптастыруға негіз болмақ.





