Мобильді аударымдар бақылауға алынады
Банктер мобильді аударымдар туралы алғашқы мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Азаматтар үш шарт қатар орындалған жағдайда бақылауға ілігеді: бір адамға 100 және одан көп тұлғадан ақша түсуі, аударымдардың үш ай қатарынан қайталануы және жалпы соманың 1 млн 20 мың теңгеден асуы. Бұл шот бірден бұғатталады дегенді білдірмейді, ал аударымдардың жеке мақсатта екенін дәлелдеуге болады.
Жанармай мен тарифтерге мораторий аяқталады
1 сәуірден бастап АИ-92 бензині, дизель отыны және коммуналдық тарифтердің бағасын өсіруге қойылған мораторий күшін жояды. Үкімет баға өсімі біртіндеп болады деп болжап отыр.
Азық-түлікке ең төменгі баға енгізіледі
1 сәуір мен 30 маусым аралығында бірқатар әлеуметтік маңызы бар өнімдерге ең төменгі баға белгіленеді. Олардың қатарында сүзбе, ірімшік, жұмыртқа, картоп, қырыққабат, сәбіз, алма, ұн және күнбағыс майы бар. Баға тоқсан сайын қайта қаралады.
Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру мүмкіндігі
Енді жүргізуші куәлігін мерзімі өтіп кетсе де онлайн форматта ауыстыруға болады. Бұл үшін міндетті медициналық тексерістен өту қажет.
Мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі өзгереді
Әкімшілік мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа көшеді. Іріктеу мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқарады. Үздік бес үміткер келесі кезеңге өтеді. Басшылық лауазымдарға эссе мен сұхбат енгізілсе, орындаушы қызметтерге практикалық тапсырмалар мен психометриялық тест қарастырылған.
Сәуірдегі демалыс күндері
Биыл сәуір айында мемлекеттік мерекелер жоқ. Сондықтан қазақстандықтар тек сенбі және жексенбі күндері демалады. Бес күндік жұмыс аптасында 8 демалыс және 22 жұмыс күні болса, алты күндік жұмыс аптасында 4 демалыс және 26 жұмыс күні болады.





