Энергетика министрлігі бұйрық жобасы ашық НҚА порталында талқылау үшін жарияланғанын мәлім етті.
Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеу енгізілген, соның нәтижесінде халық және көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындары осы отын түріне тез ауысып жатқанын байқауға болады.
Мәселен, 2022 жылы ішкі нарықта тұтыну 2021 жылмен салыстырғанда 28%-ға өсті. Сонымен қатар 2023 жылдың 6 айында тұтыну өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 100 000 тонна болды.
Ішкі нарықтың қажеттілігі 130-140 мың тонна (әкімдіктердің өтініштеріне сәйкес) болған кезде Энергетика министрлігі маусымға байланысты айына жеткізу жоспары шеңберінде 120-130 000 тонна немесе сұраныстың 90% үлестіреді. Өндіруші зауыттардың жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары кезеңінде ішкі нарықтың сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігінің өтелмеуі 15-25% болған.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасының ішкі нарығында сұйытылған газдың әлеуметтік маңызын назарға ала отырып, оның экспортына тыйым салуды енгізу жоспарланып жатыр.