Өрт 2 қыркүйекте сағат 15:10-да басталған. Тілсіз жау орманға ғана емес, сол маңдағы елді мекендерге де кесірін тигізіп, 1 800-ден астам адам эвакуацияланды. Бүгін таңертең Аманқарағай елді мекеніндегі үйінділерді ақтарған кезде 1936 жылы туған адамның денесі табылды. Мамандардың айтуынша ол эвакуациялаудан бас тартқан.
«Қазір өрттің жалпы ауданы осы орман шаруашылығының 106 мың, орман қорының 43 мың гектарынан асады. Өрт шығуы мүмкін 8 белсенді ошақ бар. Өрттің елді мекендердің тұрғын үй құрылыстарына таралып кетпеуі үшін ТЖМ бөлімшелерінің, қосымша тартылған күштердің жұмыстарын белсенді жүргізетін үш жауынгерлік учаске құрылды», — дейді ҚР ТЖ министрі, генерал-лейтенант Ю. Ильин.
Өрттің тікелей таралып жатқан жерінде қазір 3 әуе кемесі жұмыс істеуде. Өртті жоғарыдан ауыздықтау үшін су-ағызу құрылғылары бар қосымша тағы 3 әуе кемесі көмекке келеді. Кеше ТЖМ, ЖАО-ның барлық бөлімшелері белсенді жұмыс істеді. «Қазақстан темір жолы» АҚ бөлімшесі үлкен көмек көрсетті, Аманқарағай кентінде мұнай базасында жарылыс қаупі болды. Өрт сөндіру пойыздарына қатысты уақытылы қабылдаған шаралар өрттің таралуына жол бермеді. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Күштер мен құралдар көптеп топтастырылуда.
«Қазіргі уақытта ең көп зардап шеккендер – Аманқарағай елді мекені, онда 98 үй өртенді, Озерное ауылында – 8 үй және Лесное ауылында – 1 үй. Сондықтан құтқарушылардың дені осы жерлерде белсенді жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер уақытша орналастыру пункттерінде орналастырылды. Олардың бір бөлігі туыстарына кетті», — деді Ю. Ильин.
Өрттен зардап шеккен үйлердің шығындары есептеліп жатыр. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасы беріліп, халықтың табиғи апат салдарынан шеккен шығындарын өтеуге қаржы бөлу қаралады.