Ауқымды іс-шара аясында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша күштер мен құралдардың дайындығы тексерілуде. Алматы облысында да су тасқыны қаупіне қарсы нақты практикалық жұмыстар жүргізілді.
Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы аумағында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен №28237 әскери бөлімінің жеке құрамы сапқа тұрғызылып, практикалық іс-шаралар өткізілді.
Жаттығу барысында ұзындығы шамамен 500–600 метр арық жүйесі тазартылып, кеңейтілді. Бұл еріген қар суының мектеп ғимаратына және 80 адам тұратын 25 тұрғын үйге жетуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар екінші учаскеде 500-ге жуық тұрғыны бар 130 тұрғын үйді ықтимал су басудан қорғау үшін еріген суды жинауға арналған арнайы қазаншұңқыр қазылды. Жиналған су ассенизаторлық техника арқылы сорылып шығарылатын болады.
«Көктем-2026» оқу-жаттығуы аясында еліміздің бірнеше өңірінде, соның ішінде Алматы облысында азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылы, авариялық-құтқару бөлімшелерінің үйлесімділігі және инженерлік техникалардың дайындығы пысықталуда.
Мұндай жаттығулар су тасқыны қаупі жоғары елді мекендерде ұйымдастырылып, қорғаныш құрылыстарын нығайту, арық жүйелерін тазалау, суды бұру және сорып шығару алгоритмдері іс жүзінде тексеріледі.
Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің айтуынша, оқу-жаттығулардың басты мақсаты – күштер мен құралдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету, ықтимал қауіпке жедел әрекет етуге дайын болу және халықтың қауіпсіздігін сақтау.
Алматы облысында жүргізілген практикалық жұмыстар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетті.




