Шұғыл қауіпсіздік шарасы қолға алынып, ғимараттағы барлық судьялар мен келушілер эвакуацияланды, деп хабарлайды Alataunews.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қалалық сот канцеляриясына түрлі қорқыту мақсатындағы хабарлама келіп түсті. Бірден ғимарат қоршауға алынып, барлық судьялар мен қызметкерлер эвакуацияланды. Жоспарлы сот процесі кейінге қалдырылды. Түсіністікпен қарауды сұраймыз», — деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.
Алматы полиция департаменті ақпаратты растады.
«Қалалық соттың әкімшілік ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы анонимді хабарлама келіп түсті. Осы сынды дабылдарға байланысты жүзеге асырылатын алғашқы шаралар аясында аталған мекенжайға қаланың төтенше жағдайлар қызметі тартылып, олар бірінші кезекте судьялар мен қызметкерлерді, сондай-ақ келушілерді эвакуациялады. Патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді қауіпсіз қашықтыққа шығарды. Қазіргі уақытта ғимаратты сапер бөлімшелері тексеріп жатыр. Тексеру нәтижесі кейінірек белгілі болады», — деп хабарлады ведомство.