Еліміз бойынша қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесі қарқынды дамуда. Ресми мәлімет бойынша қазіргі уақытта, Алматы облысында 250-ге жуық науқас донорлық ағзаға зәру. Кезекте тұрған науқастардың басым бөлігіне бүйрек трансплантациясы қажет. 2020-2024 жылдар аралығында мәйіттік донор саны 20-ға жеткен. Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Павлодар облыстарының көрсеткіші жоғары. Қоғам мәйіт донорлығын дұрыс қабылдай алмай отыр. Мәйіт донорда – адам миы жұмысын тоқтатады, ал бауыры, бүйрегі, өкпесі мен жүрегі сау болса келесі адамға салуға жарамды болады. Биыл 35 адамның туыстары донорлықтан бас тартты. Медициналық тұрғыдан инфекциялық қаупі бар адамдарды донорлыққа алмайды. Әр адам кемінде үш-тен алты адамға дейін жаңа өмір сыйлай алады.
Медицина саласында ағзалар мен тіндерді ауыстырып қондыру әдісі кеңінен тараған. Қазір Қазақстанда 6 трансплантация орталығы бар. Соңғы уақытта адамдарға ағза ауыстыру, мәйіт донорлығы жайлы кеңінен ақпарат таратып, аталған саланың жұмысын жақсарту үшін транспланттауды үйлестіруші мамандарды даярлау қолға алынды.
«Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Мәйіт донорлығы тиімді жол болғанымен, бұл ретте дүниежүзі бойынша тапшылық бар. Ал Қазақстанда мәйіт донорлығы енді ғана дамып келеді. Көрсеткішке сүйенсек, қазір елімізде 4112 адам күту парағында тұр, оның 104-і бала. Науқастардың 3756-ы бүйрекке мұқтаж, бұл дегеніміз – 91%. Трансплантация саласындағы барлық қызмет біздің елде тегін жасалады. Егер «қара нарық» бар болса, біздің бірыңғай күту парағымыз азайып қалар еді. Мамандар ашықтық, жариялылық пікірлеріне сүйенеді. Мұнда бірақ медицинаның «зияныңды тигізбе» деген принципі бұзылады. Тірі донордың бүйрегін немесе бауырын алу да әзірге сирек жағдай. Айта кететіні, ағза донорлығына ешкім адамдарды арнайы дайындамайды. Қазақстанның азаматы ағзалары немесе тіндері тірі кезінде және қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алады», — дейді Алматы облыстық донорлық үйлестіруші Ақерке Тоеке.
Транспланттау үшін тірі кезіндегі донордан денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтін жұп ағзаның бірі, ағзаның бөлігі немесе тіні ғана алынуы мүмкін. Оны алмас бұрын донорды толықтай медициналық тексеруден өткізеді. Мәселен, бір кісінің бүйрегі ауырып, дәрігерге барды делік. Егер маман ол адамға бүйрек ауыстыру қажеттілігін көрсе, анализ тапсыртады. Сосын анализ қорытындысы бойынша комиссияға бағыттайды. Барлық нәтиже сараптамадан өткізген комиссия адамның ағзасын ауыстыру қажет деген шешімге келгенде ғана науқас өз туыстарының ішінен донор іздей бастайды. Егер, туыстарының ішінен донор табылса, ол толықтай тексеруден өтеді. Ең алдымен донор болатын адамның ағзасы жұпсыз жұмыс істей ала ма, жоқ па, сол анықталады. Одан кейін тірі донор мен реципиент құжаттары этикалық комиссияға жіберіледі. Комиссия олардың генетикалық байланыстары бар-жоғын анықтайды», – дейді сарапшы маман.
Дәрігерлердің сөзінше, адам ағзасын қара нарықтан сатып алу мүлдем негізсіз. Себебі ағза лабораториялық талаптарға сай болуы керек. Тірі донорға науқастың туыстығын, ағзаның сәйкестігін дәрігерлер шешеді. Адам миы өлгенімен, басқа ағзалары бірнеше сағатқа шыдайды. Жүректе бір аппарат бар, бүйрек, бауырды тоңазытқыш сияқты термоконтейнермен жеткізеді. Ми өлімі диагнозы қойылған соң, жүрек – 5 сағатқа дейін, бауыр – 8 сағатқа дейін, бүйрек – 12 сағатқа дейін жарамды болады. Реципиентті шақыру үшін 4 cағат лаборатория дайындалады. Мидың өлуінен бастап әрбір процесті дәрігерлер қадағалап отырады. Жеке адам донорлыққа келісім бергенімен, қайтыс болғаннан кейін туыстары рұқсат бермесе ағза алынбайды.
Тірі кезде мәйіт донорлыққа келісім берсек, ауруханаға түскенде бізге дәрігер қарамай қояды деп жансақ ойлатындар бар. Мәйіт донорлыққа кез келген адамның берген келісімінен біз бейхабармыз. Ол электронды порталдың өзінде жабық тұрады, ақпаратты тек үш трансплант координаторлар ғана біледі. Қайтыс болғаннан кейін тірі адамның келісім беріп, бермегенін ешкім қарай алмайды. ҚР денсаулық сақтау кодексінің 209-бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес трансплантация мақсатында адам ағзаларын және тіндерін сатып алу/сатуға тыйым салынады. «Ағзаларды қымбатқа сатады» деу де негізсіз», — дейді Ақерке Тұрсынбайқызы.
Айта кетерлігі, қылмыстық кодекстің 116, 128, 135, 315-бабы бойынша трансплантацияны заңсыз жүзеге асыру заңмен қатаң қудаланады.