Өңірдің мақтанышы саналатын Алматы таулы кластері алдағы жылдары халықаралық деңгейдегі тау шаңғысы және экотуризм орталығына айналады. Бұл мақсатта 2025–2029 жылдарға арналған таулы кластерді кешенді дамыту жоспары әзірленіп жатыр.
Еңбекшіқазақ ауданы – басты туристік бағыттардың бірі
Қазақстанның 2019–2025 жылдарға арналған туризмді дамыту мемлекеттік жоспары аясында Еңбекшіқазақ ауданы ерекше басымдыққа ие аймақтардың бірі ретінде Алматы тау кластеріне енгізілген. Ауданның көркем табиғаты, бірегей ландшафттары және бай биоалуантүрлілігі оны жаяу туризм, трекинг, альпинизм және экотуризм үшін қолайлы орынға айналдырады. Мұнда Қызыл кітапқа енген сирек өсімдіктер мен жануарларды көруге мүмкіндік бар.
Іле-Алатау ұлттық паркінің мәліметінше, жыл басынан бері Түрген шатқалына 38 мыңнан астам, ал Есік көліне 15,6 мыңнан аса турист келген.
Есік көлі – жаңа туристік жобаның орталығы
Есік көлі Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының балансында тұр және гидротехникалық құрылыстар кешенінің бөлігі саналады. 2024 жылы көл мен оның маңын абаттандыру мақсатында «Habel» ЖШС-мен сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.
2025–2029 жылдары жүзеге асырылатын кешенді жоба аясында заманауи туристік аймақтар, жаяу жүргіншілер жолдары, экологиялық тазалау жүйелері, қоқыс жинау инфрақұрылымы, жаңа жолдар мен автотұрақтар салынады. Сондай-ақ туристерге арналған ақпараттық орталықтар мен жабдықтарды жалға беру пункттері ашылады.
Туристер саны тұрақты өсуде
Жыл басынан бері Алматы облысына келген туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға өсіп, 949,1 мың адамды құрады. Оның ішінде 80 мыңнан астамы шетел азаматтары, бұл көрсеткіш бір жылда 9,3%-ға артқан. Шетелдік туристер саны бойынша өңір Алматы және Астанадан кейін үшінші орында тұр.





