Ауқымды жоба бойынша, аймақта жеңіл моторлы ұшақтарға арналған аэродром, ангарлар, жанармай бекеті және қажетті инфрақұрылымы бар заманауи авиациялық алаң құрылады.
Бұл бағытты дамытуға Авиациялық туризм федерациясы мұрындық болды. Ұйым шағын авиацияны дамытып, көкте қалықтауды армандайтындардың барлығына жаңа мүмкіндіктер ашуда. Жоба Ұйғыр ауданы әкімдігінің қолдауына ие болып, әкімдік жер телімін бөлу мен құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп жатыр. Ал федерация өз кезегінде жобаға атсалысқысы келетін қатысушыларды тартып, авиациялық туризмнің жаңа орталығын құруға күш салуда.
Болашақ авиациялық орталықтың орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі, Шонжы ерекше табиғи жағдайларымен ерекшеленеді. Кең, ашық, ұшып-қонуға ыңғайлы жер бедері, ауа райының қолайлылығы қауіпсіз ұшуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әуеден қарағандағы ғажайып көрініс. Көкке көтерілсеңіз сирек кездесетін флора мен фаунаны, Қызыл кітапқа енген жануарларды көруге мүмкіндік бар.
Федерация тек аэродром салумен шектелмейді. Мұнда авиациялық туризмнің үш бағыты бірден дамытылады: әуе шарлары, парапланеризм және мотодельтапландар.
Басты бағыттардың бірі – әуе шарларымен ұшу

Федерацияның тең құрылтайшысы Мирослав Малыхин 2011 жылдан бері әуеде қалықтаумен айналысып келеді. Ол алғашында парапланмен ұшып, Шымбұлақта туристік ұшулар ұйымдастырып, Алматы мен Өзбекстандағы фестивальдерге қатысқан. Уақыт өте келе Қазақстанда әуе шарларын дамыту қажеттігін түсініп, федерациямен бірге бұған ең қолайлы орынды іздеуге кірісті. Оған Каппадокия тәрізді ұзақ уақыт жел тұрмайтын аймақ қажет болды. Ұзақ іздеуден кейін федерация екі тау арасындағы ерекше жерді тапты, мұнда жылдың көп бөлігінде ауа-райы тұрақты, жел жоқтың қасы. 2025 жылдың қараша айынан бастап бұл жерде аэрологиялық зерттеулер мен ұшу сынақтары жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта, келушілер тек арқанға байланған күйде ұша алады. Бірақ барлық ресми рұқсаттар алынған соң, әуе шарлары 1 шақырым және одан да жоғары биіктікке еркін көтерілетін болады.
Екінші бағыт – парапланеризм

Шонжы маңында табиғи биіктіктер болмағанымен, федерация бұл мәселені шешудің жолын тапты. Парапландарды жоғары көтеру үшін арнайы лебедка орнатылады.
Үшінші бағыт – мотодельтапландар
Федерация бұл әуе көлігін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Қонақтар тек әуеде ұшып қана қоймай, әсерлі сәттен естелік қалдыру үшін GoPro камерасына түсіре алады.
Alataunews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Балнұр Асанова батылдық танытып әуе көліктерін сынап көрді. Ол бұл аймақ авиациялық саяхат әуесқойлары үшін ең тартымды орындардың біріне айналатынына сенімді.
«Алдымен әуе шарына міндім. Ол 200 метр биіктікке ұшты. Жерді аспан әлемінен көрген кезде өте керемет сезімге бөлендім және бұдан да биікке ұшқым келді. Сосын мүмкіндікті жібермей бар жігерімді жинап, мотодельтапланға да отырып көрдім. Ұшқыш барлық сақтық ережелерін ескертті. Осылайша белді бекем буып 500 метр биікке көтерілдік. Жалпы ұшу уақыты 40 минутқа созылды. Бірінші Іле өзені бағытына қарай ұштық. Ұшу кезінде жайрандарды көрдік, кейін көл бетінен аққуларды байқадым. Туризмнің бұл бағыты маған ерекше ұнады. Алдағы уақытта авиациялық туризм бағыты жоғары деңгейде дамып, келушілердің көңілінен шығатынына сенімім мол», — деп өз әсерімен бөлісті тілшіміз.



Федерациядағылар болса, жобаның Қазақстандағы шағын авиацияны дамытуға серпін беретініне сенімді.

«Біздің федерация 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Шонжыдағы аэродром құрылысы авиациялық туризмді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Әкімдіктің қолдауымен федерация жер телімін алып, оны абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта, жеңіл моторлы ұшақтарға арналған ұшу-қону жолағын салу, ангарлар мен техникалық қызмет көрсету аймақтарын жабдықтау, сондай-ақ ұшқыштар мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылым жасауды жоспарлап отырмыз. Коммерциялық ұшулар басталғаннан кейін барлық табыс жобаны одан әрі дамытуға жұмсалады», — деп атап өтті федерация өкілі Ирэна Шевченко.
Олай болса, Шонжы адамдарға аспаннан әлемді тамашалауға, еркіндікті сезініп, ұмытылмас әсер сыйлап, әуе шытырман оқиғаларының орталығына айналады деген үміттеміз!






