– Наркес Армияновна, ең алдымен, ваучерлік жүйе қандай ресми негізге сүйеніп енгізілді?

– Бұл жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығына сәйкес жүзеге асырыла бастады. Бұйрықта ваучерлік қаржыландыруды енгізу жөніндегі пилоттық жобаның барлық алгоритмдері мен іс-шаралар кестесі нақты бекітілген.
– Сіздердің мекемеде бұл жүйе нақты қай уақыттан бастап іске қосылды?

– Біздің “Ақдидар” балабақшасында бұл жүйе 2025 жылдың мамыр айынан бастап түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, маусым айында іске қосылды.

— Ваучерлік жүйенің ерекшелігі неде?
– Ең басты ерекшелік – ақша баланың артынан жүреді. Яғни бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыс белгілі бір балабақшаға бекітілмейді. Ата-ана өзі қалаған балабақшаны таңдайды, ал қаржыландыру автоматты түрде сол таңдалған ұйымға түседі. Бұл ашықтық пен бәсекелестікті арттырып, сапаға ынталандырады.
— Ваучерлік жүйе қалай жүргізіледі?
Ата-ана баланы электронды жүйе арқылы кезекке қояды.
Жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай 21 санат бойынша кезек қалыптасады.
ЖАО (жергілікті атқарушы орган) бюджеті шегінде ваучер беріледі.
— Ваучер алғаннан кейін ата-ана не істейді?
Жүйеден ваучер алған соң 2 күн ішінде балабақша таңдап, электронды келісімшарт жасайды.
Егер орын болмаса, күту парағына тұрып, басқа балабақшаға уақытша бара алады.
Күту парағы деген не және не үшін керек?
Күту парағы — қалаған балабақшада орын болмаған жағдайда тіркелетін жүйе. Ата-ана күнде бос орынды қадағаламай-ақ, жүйе арқылы орын босаса, шақыру алады.
– Ата-аналар тарапынан қандай сұрақтар жиі туындайды?
– Әдетте ең көп қойылатын сұрақтар: “Ваучерді қалай аламыз?”, “Бала қалаған бақшаға бара ала ма?”, “Бос орын болмаса не істейміз?”, “Күту парағы деген не?”. Біз оларға толық түсіндірме жүргіземіз. Күту парағына тұру мүмкіндігі бар, ал бос орын пайда болғанда автоматты түрде хабарлама жіберіледі.
– Бүгінге дейін қанша бала осы жүйе арқылы қабылданды?
– Қазіргі уақытта, балабақшаға 82 бала ваучермен қабылданды. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді, өйткені ата-аналар жүйенің әділдігі мен ыңғайлылығына көз жеткізе бастады. Бұл өңірлік көрсеткішке де байланысты. Әр өңір ЖАО бекіткен бюджет шегінде ғана балаларды қамтиды. Сондықтан барлық кезекте тұрған балаларға ваучер беріледі деп кепілдік жоқ.
— Қазір мемлекеттік тапсырыспен келіп жүрген балалардың жағдайы не болады?
Олар автоматты түрде ваучерлік жүйеге ауысады, ата-анасына қосымша өтініш берудің қажеті жоқ.
— Жаңа балабақшалар ваучерлік жүйеге қалай қосылады?
Қажетті құжаттарды жинап, ЖАО-ға өткізеді. Комиссия барып тексереді. Сәйкес келген жағдайда балабақша жүйеге енгізіледі.
— Төлем қалай жүргізіледі?
- Балалардың қатысу табелі 15-күніне дейін толтырылады.
- ЖАО жүйесі арқылы “Қаржы орталығы” АҚ-на тапсырылады.
- Қызмет көрсетілген күндерге қарай төлем жүзеге асады.
– Жаңа жүйенің қандай артықшылықтарын ерекше атап өтер едіңіз?
– Ең бастысы – әділеттілік пен ашықтық. Бұрын кей жағдайда кезекке тұруда адам факторы, субъективтілік байқалса, қазір бұл толықтай жойылды. Балалар әлеуметтік мәртебесі мен жасына қарай автоматты түрде кезекке қойылады, ата-ана балабақшаны өзі таңдайды. Сонымен қатар, жаңа балабақшалардың жүйеге кіруі жеңілдеді, конкурстық талап жоқ, тек сәйкестік талаптары сақталуы тиіс.
– Бұл жүйе болашақта қалай дамиды деп ойлайсыз?
– Егер бұл механизм толығымен барлық өңірлерде іске асса, онда мектепке дейінгі білім беру саласында сапа мен жауапкершілік айтарлықтай артады. Балабақшалар бәсекелестік ортада жұмыс істеуге бейімделеді, ал ата-аналар нақты таңдау жасауға мүмкіндік алады. Бұл, сайып келгенде, баланың игілігіне қызмет ететін жүйе деп сенемін.
Қорытынды
Жаңа жүйе – мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жандандырып, ата-аналардың сенімін арттыруға бағытталған тың бастама. Енді әрбір бала – нақты бақылауда, ал балабақшалар – өз мүмкіндігін дәлелдеуі тиіс. Бұл бағыт – баланың болашағына салынған маңызды инвестиция.





