«Елімізде 6293 ауыл бар және бұл елді мекендерде 8 млн-ға жуық адам тұрады. Бұл халқымыздың 41 пайызы. 2019 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – әлеуеті бар 3,5 мың ауылда инфрақұрылымды дамыту. 2019-2021 жылдары бұл жобаға 200 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 665 ауылда тиісті инфрақұрылым жасалды», — деді Р. Скляр.
Оның айтуынша, ауылдың жағдайын жақсартуға жеке инвесторлар да үлес қосып жатыр. 2019 жылдан бастап олар 57 млрд теңге қаражат салып, 2 мыңға жуық жобаны іске асырды. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасына 128 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 576 ауылға бағытталып отыр. 2023 жылы 140 млрд теңге бөлініп, 663 ауыл қамтылмақ.
«Ауыл халқының ең басты проблемасы — жұмыспен қамту. Бұл бағытта не істеп жатырмыз? «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 66 мың адамды кәсіпкерлікке үйреттік, өз кәсібін ашу үшін 10 мың ауыл тұрғыны 50 млрд микрокредит алды, яғни 6 пайызбен 7 жылға дейін. Жақында Жамбыл облысында бір пилоттық жобаны іске асырдық. Ол бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік палата арқылы ауыл тұрғындарының кәсібіне 2,5 пайыздық несие берілді. Пилоттың жоба жақсы нәтиже берді. Сондықтан келесі жылы оны барлық өңірге таратамыз. Оған 52 миллиард теңгеден астам бөлінеді. Соның есебінен 11 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлап отырмыз», — деді Р. Скляр.