Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетін Ресей президенті Владимир Путин «Казахстанская правда» газетіне «Ресей – Қазақстан: өмір қажет еткен және болашаққа бағытталған одақ» атты мақаласын жариялады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Ресей Президенті мақала арқылы екі ел арасындағы қазіргі қарым-қатынастардың жай-күйі мен болашағына деген көзқарасымен бөлісуді қалағанын жазған. Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығы шын мәнінде одақтастық сипатқа ие және барлық бағытта белсенді түрде дамып келеді.
«Мемлекетаралық байланыстың жоғары деңгейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірлескен жұмыс жылдарында қалыптасқан тығыз, мейірімді жеке қатынастар куәландырады. Біз үнемі телефонмен сөйлесіп, әртүрлі форматта кездесеміз. Екіжақты өзекті мәселелерді талқылап, күн тәртібінде тұрған өңірлік және жаһандық проблемалар туралы пікір алмасамыз, келешекке жаңа жоспарларды да белгілейміз. Ең бастысы – Қазақстан президентімен әрқашан нақты нәтижеге бағдар қоямыз. Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының одан әрі сенімді дамуы, елдеріміздің өркендеуі, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», — деп жазды Путин.
Ресей басшысы екі ел арасындағы сауда көрсеткіші рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтіп, Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы артқанына тоқталған.
«Мәселен, өткен жылы бұл салада жаңа рекорд орнап, 28 миллиард доллар деңгейінен асып түсті, ал биыл қаңтар-қыркүйек айларында 20 миллиард доллардан асты. Қазір оның көлемі шамамен 13 миллиард доллар болды. Республикада Ресейдің қатысуымен 23 мыңнан астам кәсіпорын бар. Біздің елдеріміздің компаниялары өнеркәсіптік кооперация мен жоғары технологиялар саласында бірқатар ірі бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстан мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Ресейдің Қара теңіздегі инфрақұрылымы арқылы шетелге өтетінін, Қазақстанның уран саласының дамуына «Росатом» қосқан үлесін ерекше», — дейді Путин.
Әрі қарай Путин көршілес елдердің гуманитарлық саладағы қарым-қатынасына тоқталып, Қазақстанда үш орыс мектебі салынатынын жазған.
«Ресей Қазақстанда жаңа орыс мектептерін ашуды, орыс тіліндегі мектеп білімінің сапасын арттыруды қолдайды. Тағы үш мектеп жақында Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында ашылады деп отырмыз. Біз Қазақстан басшылығына, Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке өзіне орыс тілін қорғап, орыс тілі жөнінде халықаралық ұйым құрғанына алғыс айтамыз», — дейді Путин.