«Иран аумағына жасалған өрескел шабуылға жауап ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштері “Шынайы уәде – 3” операциясының оныншы толқыны аясында Израиль агрессиясы басталған авиабазаларға жоспарлы соққы жасады», – делінген ИРСК ресми мәлімдемесінде.
Корпус өкілдерінің мәлімдеуінше, шабуылдар «үздіксіз, кешенді және көпдеңгейлі сипатта» жалғасады.
Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-майор Абдулрахим Мусави сейсенбі күні жасаған видеоүндеуінде осыған дейін жасалған соққыларды алдын ала ескерту деп атады.
«Бұл тек бастамасы. Жазалаушы операциялар алдағы уақытта жүзеге асырылады. Тель-Авив пен Хайфа тұрғындары өз өмірін сақтау үшін бұл қалалардан кетуге тиіс», – деді Мусави.
Сондай-ақ, ол Иран халқы «ешқандай агрессия алдында бас имейтінін» және Израильдің «қылмыстық әрекеттері» үшін міндетті түрде жауап беретінін мәлімдеді.
Шабуыл қалай жасалды?
БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, ИРСК сейсенбі кешінде дрондар мен зымырандарды қолдана отырып, операцияның оныншы кезеңін жүзеге асырған. Бұл әрекеттер Иран мен Израиль арасындағы жағдайдың ушығуын және Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуін одан әрі күшейтіп отыр.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, тараптардың мұндай қарулы қадамдары аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіруі мүмкін.






