«Қазіргі таңда Талғар ауданында ауылішілік 37 автобус қатынап жатыр. 2022 жылдың тамыз айынан бастап «Тұлпар экспресс» компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысып келеді. Биылға бұл серіктестікке облыс әкімдігі тарапынан 564 миллион теңге субсидия бөлінді. Енді компания 11 көлікті жаңарту мақсатында банктен несие алып, 10 автобус сатып алмақ ниетте. Олар наурыз айына дейін қолданысқа беріледі», — деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Асхат Досжанов.
Сондай-ақ бұл ауданның шалғай ауылдары тұрғындарының Алматы қаласына қатынау мәселесі де жоқ емес.
«Дәулет, Қайнар, Нұра, Туғанбай, Жалқамыс, Тереңқара ауылдарының тұрғындары көбіне Алматы қаласына баратын қоғамдық көлік сұрайды. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімдігімен бірлесе отырып, аудандар арасында жүретін бағыттар ашу мәселесін қарастырып жатырмыз», — деді бас маман.
Өз кезегінде облыс әкімдігінің маманы бұл ауданда 48 елді мекен бар екенін, оның 34-і қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілгенін айтты.
«Қалған 14 елді мекенді қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, ауданнан Қонаев қаласына қатынайтын бағыттарды ашу мәселесі облыс әкімдігінің бақылауында», — деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлім басшысы Қанат Шарапиев.
Айта кетейік, ауданда автобустардың қатынау интервалы — 7-10 минут аралығында. Қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесі енгізіліп, аудан әкімдігінің ақпараттық жүйесіне қосылған. Билет құны — 80 теңге, оқушыларға — 40 теңге. Сондай-ақ тұрғындар мобильді қосымша арқылы автобустардың қай жерде кетіп бара жатқанын көре алады.
Алдағы уақытта облыс әкімдігінің маманы басқа аудандардағы қоғамдық көлік жүрісінің мән-жайын анықтау мақсатында іс-сапарларға шығатын болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram