«Пәтерді заңсыз алған шенеуніктер, бюджет қызметкерлері үйді тез арада мемлекет меншігіне қайтаруы тиіс. Егер олар өз еркімен өткізбесе, сот арқылы мәселе шешілуі керек.
Ал, әлеуметтік осал топтарға 10 жыл бұрын берілген үйлерді заңсыз деп тартып алу әділетсіз деп ойлаймын. Қараңыздаршы, ол адам мүгедек болуы мүмкін, толық емес отбасы, көпбалалы аналар болуы мүмкін. Сондықтан, заңсыз берілді деп, пәтерді бірден тартып алуға болмайды. Прокуратура мен Талдықорғанның әкімдігі әлеуметтік осал топтарға қатысты пәтерлер мәселесін заң аясында шешіп беруді қарастыруы керек», — деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған тұрғындарымен кездесуі кезінде.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда мыңнан аса баспананың заңсыз берілгені хабарлаған.
Қазір облыс орталығында 180 мың халық бар. Ал, баспана кезегінде 16 мыңға жуық адам тұр.