Оның айтуынша, Алматы облысы орталығының ауысуына байланысты мемлекеттік органдардың шығындарын қаржыландыруды талап ететін бірқатар проблемалар бар.
«Бірінші кезектегі мәселе – қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. ҚР Үкіметі резервінен қаражатты пайдалану қағидаларына сәйкес бірінші кезеңде облыс орталығына көшіп келген мемлекеттік қызметшілердің пәтер жалдау ақысын өтеуге және жергілікті атқарушы органдар үшін ғимараттарды жалға алу шығындарына жалпы сомасы 357 млн. теңгеге қаражат бөлінді. Оның ішінде, қызметкерлердің пәтер жалдау ақысын өтеуге 225,5 млн. теңге, ғимараттарды жалға алу үшін 131,5 млн. теңге қаржы қарастырылды», — деді Бақыткүл Түлебекова.
Сонымен қатар ол мәслихат, тексеру комиссиясы, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен полиция департаменті қызметкерлері 461 млн.теңге сомасында қаржыландырылатынын айтты. Бұл шара екінші кезеңде жүзеге асырылады.
«Басқа өңірлерден жаңадан қабылданған 138 мемлекеттік қызметші және 35 штаттан тыс қызметкер үшін 85,2 млн.теңге сомасында тұрғын үй шығындарын өтеуге бюджеттік өтінімдер ұсынылды», — деді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетейік, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сай төлем мөлшері отбасындағы 3 адамға 18 шаршы метрден қарастырылды. Нәтижесінде пәтердің шаршы метрінің орташа құны есебінен 135 мың теңгені құрайтын өтемақының шекті мөлшері белгіленді.
Сессия отырысының соңында өтемақы төлемдерімен қамтамасыз ету шаралары туралы шешімнің жобасы бекітілді.