Алты күнге жоспарланған мерекелік бағдарлама
Қала күніне арналған мерекелік жоспар 22-27 қыркүйек аралығында өтеді.
22 қыркүйек күні сағат 18.00-де Мәдениет үйінде «Қонаев әуендері» концерттік ансамблінің тұсаукесері өтеді.
23 қыркүйекте Қапшағай ГЭС-те ашық есік күні ұйымдастырылып, қала әкімінің кубогіне арналған «Qonaev 55» шағын футбол турнирі басталады.
24 қыркүйекте ҚР Қарулы Күштерінің десанттық-шабуылдау бригадасында ашық есік күні өтеді.
25 қыркүйекте «Таза қала – таза сана» атты жалпы қалалық тазалық акциясы және баскетболдан қала әкімінің кубогі ұйымдастырылады.
26 қыркүйекте қалалық кітапханада «Kitap fest» фестивалі өтіп, Қойшыманов көшесінде «Selfie zone» сквері қолданысқа беріледі.
25-27 қыркүйек аралығында «Шағала» кинотеатрында және Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта тегін кино көрсетілімдері ұйымдастырылады.
Қала күні – 27 қыркүйек
Мерекенің ең басты күні – 27 қыркүйек. Бағдарлама сағат 11.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады.
-
Гала-концерт аясында ұзындығы 30 метр болатын алма бәліші дайындалып, оған түрлі ұлт өкілдері қатысады. Бұл шара бірлік пен татулықтың, бейбіт өмірдің айқын көрінісіне айналмақ.
-
Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта балаларға арналған тегін ойын алаңдары, сурет көрмелері, фото-аймақтар, TikTok контентіне арналған алаңдар және түрлі инсталляциялар орнатылады.
-
Қала кәсіпкерлері өз өнімдерін таныстырып, жергілікті өндірістің әлеуетін көрсетеді.
-
Мерекелік театрландырылған қойылымда қала тарихы сахналанып, әсерлі мотошеру ұйымдастырылады.
-
Ардагерлер құрметтеліп, шомылу маусымының қорытындысы шығарылып, «Таза аула» байқауының жеңімпаздары марапатталады.
Кештің басты сахнасында қазақстандық жұлдыздар Мирас Жүгінісов пен Bellucci тобы өнер көрсетіп, мерекелік концертті отшашу түйіндейді.
Қаладағы жаңа нысандар
Мереке қарсаңында бірқатар жаңа нысандар да пайдалануға берілмек.
-
23 қыркүйекте қалалық кітапханада «Қонаев қаласының тарихы» бұрышы ашылады, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ Алматы облысындағы қосыны өз жұмысын бастайды.
-
26 қыркүйекте Қойшыманов көшесіндегі жаңа «Selfie zone» скверінің салтанатты ашылуы өтеді.
Қосымша шаралар
Қайырымдылық іс-шаралары да өткізіліп, қала тұрғындарының әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамаларына назар аударылады. 27 қыркүйек күні қала күніне орай қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді.
Қонаев қаласының 55 жылдық мерекесі тұрғындардың бірлігін, туған қаласына деген сүйіспеншілігін және өңірдің мәдени-рухани әлеуетін айшықтайтын маңызды оқиға болмақ.






