Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта Қонаев қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізілуде. №7 саяжай және басқа да саяжай массивтері жаңа құжатта «шағынаудан» мәртебесіне ие болады. Бұл мәртебе бекітілгеннен кейін әрбір аймаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленеді.
Мамандардың айтуынша, бұл қадам тұрғын үйлердің инфрақұрылымын заңды тұрғыда реттеп, жол, жарық, сумен қамту және газ тарту сияқты инженерлік желілерді кезең-кезеңімен дамытуға мүмкіндік береді.
Қалдықтарды шығару және жаңа қызмет көрсетуші
Жиналыста тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару мәселесі де көтерілді. Бұған дейін бұл қызметпен ешқандай компания айналыспаған. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды «Қонаев көркейту» мемлекеттік коммуналдық мекемесі атқаратын болды.
ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, конкурстық іріктеу нәтижесінде үш компания анықталған. Соның бірі – «Қонаев көркейту» мекемесі Шеңгелді ауылдық округі мен саяжайлар аумағындағы қатты қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетеді.
Газдандыру және жобалау жұмыстары
Көгілдір отын тарту да тұрғындардың басты сұрақтарының бірі болды. Қала әкімдігі өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар Қонаев қаласының Кешенді даму жоспары аясында жүзеге асатынын атап өтті. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Бұдан бөлек, алдағы апталарда №7 саяжай аумағында жол шұңқырларын жөндеу, ескі жарық бағаналарын бұзу және ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізіледі.
Кездесу соңында қала әкімі Асхат Бердіханов тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты пікір білдіріп, инфрақұрылымдық түйткілдердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтты.
«Бүгінде саяжайлардың түйткілдері біртіндеп шешіліп келеді. Кей кооперативтер өз жұмысын тоқтатты, кей саяжайлардың электр желілері мен ауызсу және суармалы су жүйелері әкімдік балансына өтті. Мұның бәрі – ортақ еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейміз. Инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың басты кепілі», – деді шаһар басшысы.
Қонаев қаласының аумағында бүгінде 8 саяжай кооперативі бар. Олардың инфрақұрылымдық дамуы қала әкімдігінің назарында.






