Тексеру барысында бірнеше учаскеде жұмыстың кешігіп жатқаны анықталып, мердігерлерге нақты ескерту жасалды.
Өңірде биыл ондаған денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жұмыс сапары аясында Қанат Есболатов «Elaman» медициналық пункті, «Абай» дәрігерлік амбулаториясы және Қаратөбе ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын тексерді. Құрылыс басқармасының мәліметінше, нысандар аяқталу сатысында.
Ведомство басшысының орынбасары Айдын Шалкенов нысандар қараша айының соңына дейін тапсырылатынын айтты.
«Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ай соңына дейін толық аяқтап, денсаулық сақтау басқармасына тапсыруды жоспарлап отырмыз. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Үштерек және Абай ауылдарында ауысымына 50 адам қабылдайтын екі амбулатория салынып жатыр. Оларды 16 желтоқсанда пайдалануға беру көзделген», – деді ол.
Алайда кейбір құрылыс алаңдарында жұмыс уақытылы орындалмаған. Бұл жайт облыс әкімінің бірінші орынбасары тарапынан сынға алынып, мердігер ұйымдарға жұмысты жеделдету тапсырылды.
Орталық аурухана – 50 жылдан кейінгі алғашқы толық жаңғырту
Сапар барысында Есболатов Қарасай аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. 1974 жылы салынған ғимарат алғаш рет толықтай жаңартылып жатыр. Жөндеу аяқталған соң аурухана заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қосымша корпустар арқылы көрсетілетін медициналық қызметтің ауқымы артады. Жобаның толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Аурухана директорының орынбасары Дәулет Қожақов ауданда қосымша екі ірі медициналық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«500 адамға арналған жаңа емхана және 200 төсектік тәулік бойы стационары бар медициналық кешен салынып жатыр. Сондай-ақ заманауи перинаталдық орталық салу жоспарда бар. Қазір жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамада», – деді ол.
Алматы облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы аясында жалпы 38 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 12-сі пайдалануға берілген, 23 нысан қараша айында тапсырылады, ал қалған 3 объект жыл соңына дейін аяқталмақ.
Өңір билігі медициналық инфрақұрылымды жаңарту арқылы ауылдық аймақтардағы алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, ескірген нысандарды жаңғыртуға және заманауи емдеу стандарттарын енгізуге басымдық беріп отыр.






