Қос тараптың кездесуінде екі жақты әріптестік қарым-қатынасты нығайту, қала құрылысы мен G4 City жобасы талқыланды.
Кездесу барысында қонақтар 2006 жылы Сингапурдың сауда және индустрия министрлігінің қолдауымен құрылған «Singapore Cooperation Enterprise» агенттігінің жұмысымен танысты.
«Singapore Cooperation Enterprise» агенттігі Қазақстанда 2018-2020 жылдары «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-мен қолжетімді тұрғын үй құрылысы саласын реформалау саласындағы ірі жобаның екі кезеңін де табысты жүзеге асырған.
«Орталық Азия елдерін алатын болсақ, біз үшін Қазақстанның маңызы зор. Бұл сапарымызда сіздің өңірмен қатар, Алматы мен Астана қалаларына баруды жоспарлап отырмыз. Сіздердің аймаққа келіп, ауқымды жұмыс атқаруға болатынына көз жеткіздік. Мұнша үлкен жерді дұрыс мақсатта пайдалану керек. Сингапурда сіздердегідей жер жоқ», — деді Сингапур мемлекетінің сауда және индустрия министрлігінің дамушы нарықтар департаментінің директоры Дениз Перейра.
Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңадан құрылған облыс орталығында атқарылар жұмыстардың көп екенін айтты.
«Сіздер қазір Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындасыздар. Бұл шаһар 1970 жылы салынған. Өз тарихында алғаш рет облыс орталығы болып түлеген жайы бар. Аталған мекенге келіп, жұмыс жасап жатқанымызға жаздың алғашқы айында бір жыл болады. Аймақты дамыту үшін қолға алған істер өте көп. Мәселен, мемлекет басшысымен G4 City жобасының тұжырымдамасы бекітіліп, ел Үкіметімен арнайы экономикалық аймақты құрудың Қаулысы қабылданды. Бұның барлығы алдағы жобаларды іске асыруға жасалған алғашқы қадамдар», — деп атап өтті облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ аймақ басшысы Алматы облысының Өңірлік даму орталығы құрылғанын, соның негізінде «Singapore Cooperation Enterprise» агенттігімен өзара сауда ынтымақтасытығын арттыру және өзгеде экономикалық жобаларды қолдау мақсатында бірлесе жұмыс жасауға мүмкіндік бар екенін айтты.
«Біздің өңірде туризм саласында үлкен істер бастауға мүмкіндік көп. Сонымен қатар аймақта ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Біздегі экологиялық таза өнімдер орасан зор сұранысқа ие. Жоғары деңгейдегі трансұлттық компаниялардың басым бөлігі Алматы облысында орналасқан», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Өз кезегінде сингапурлықтар ең алдымен туризм жайын егжей-тегжейлі зерттеп, алғашқы жұмысты осы сала бойынша бастау тиімді екенін жеткізді.
«Сіз атап өткен құрылыс, энергетика сынды салаларда Сингапурдың өзіне тән тәжірбиесі бар. Алдағы уақытта сіздермен бірлесе еңбек етеміз деген ойдамын. Болашақта үлкен экономикалық жұмыстарды жүргізу үшін алдымен туризм бағытында жобаларымызды жүзеге асырып көру тиімді болар. Өзге де жұмыстарға білек сыбана кірісе жатармыз. Ол үшін сіздердің тараптарыңыздан қолдау көрсету маңызды», — деп қорытындылады Дениз Перейра.