Алматы облысы Кеген ауданында бір ғасырдан астам өмір сүрген әжей Шортанова Күлпара Жуашқыз дауыс берді. Әжейдің немересі Тақабаев Олжастың өзі елуді алқымдаған ел ағасы. Тақабаевтар әулеті ұстаздар династиясы. Ал әжей мектепте талай жыл директор болып қызмет атқарған.
«Заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Қазақтың маңдайына біткен басшысы парасатты болсын. Бейбітшілік заман болсын», — деп бата берді әжей.
Жалпы аудан бойынша 34 сайлау учаскесі бар. Оның 31-і ашық. Аудан бойынша 18608 сайлаушы бар. Сағат онға дейін 20% дауыс берген. Сайлау күні ауданда екі жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда ауыл тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін ұсынды.