«Қазіргі уақытта Алматы стансасының теміржол торабын айналып өтіп, «Жетіген-Қазбек бек» айналма теміржол желісін салу жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар біз облыс орталығының бас жоспарында көзделген транзиттік айналма теміржолды салу мәселесін пысықтап жатырмыз», – деді облыстық автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Алмас Батанов.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, аталған екі жобаның инфрақұрылымын негізге ала отырып, Алматы облысында мультимодальды көлік-индустриялық-сауда хабын құрудың тұжырымдамалық жоспарын іске асыру бойынша жұмыс тобы қалыптастырылды.
«Жұмыс тобы облыстық және аудандық сәулет, жер қатынастары, кәсіпкерлік басқармаларының, «ҚТЖ» АҚ өкілдерінен, көлік-логистика саласын дамыту саласындағы сарапшылардан тұрады. Жоғарыда аталған хаб жобасын жасауға министерліктен маман беруіңізді сұраймыз», – деді Алмас Батанов.
Министр Марат Қарабаев болса, қазіргі таңда Алматы қаласының айналма теміржол желісін салу үшін техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатқанын айтты.
«Алматы облысының ұсынған жобасы Алматы қалалық жобасынан бөлек болады деп ойлағанбыз. Өйткені, Қонаев қаласында теміржол салу үшін инвесторлар да тартылады. Қонаев қаласын дамытамыз деп қолда бар жоба тоқтап қалмауы тиіс. Дегенмен, екі жобаны біріктіру мәселесі де пысықталады. Жұмыс тобының құрамына маман жіберуге әзірміз», – деді министр Марат Қарабаев.