Кездесу қорытындысы бойынша Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және «Surbana Jurong Infrastructure Pte Ltd» компаниясының бас директоры Choon Chong мырза келісімге келіп, ынтымақтастық шеңберінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты — тараптардың жобаны әзірлеу жөніндегі ынтымақтастығын қолдау және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес G4 қаласының Бас жоспарын әзірлеу кезінде негіздемелер белгілеу болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, «Surbana Jurong Group» компаниясы — жобаларды табысты іске асыруда 70 жылдан астам тәжірибесі бар қала құрылысы, инфрақұрылым және басқарылатын қызметтер саласындағы жаһандық консалтингтік компания.
Компания жоспарлау мен жобалаудан бастап жеткізу мен басқаруға, пайдаланудан шығаруға және т.б жобаның бүкіл циклін қамтитын тұрақты шешімдерді ұсынады.
«Surbana Jurong» Сингапурда миллионнан астам үй салды, 60-тан астам елде бас жоспарлар жасады және бүкіл әлем бойынша 100-ден астам өнеркәсіптік саябақтар салды.
«Біз қазақстандық әріптестеріміздің «G4 City» жобасының артында тұтас өңірдің және болашақ ұрпақтың болашағы тұрғанына сенеміз. Біздің міндетіміз — сапалы және бірегей тұрғын үй жобасы ретінде іске асырылатын жоспарды әзірлеу үшін ең жақсы шешімді табу. Сапалы тұрғын үйлерді, жұмыс орындарын, жолдарды, теміржолдарды, су электр станцияларын, бөгеттерді, жерасты және жағалаудағы қорғаныс құрылыстарын және клиенттерімізге қажет басқа да маңызды инфрақұрылымды жобалау және жеткізу арқылы біз қалаларды өзгертіп, оларды тұрақты және өмір сүруге қолайлы кеңістіктерге айналдырамыз», — деп атап өтті Сингапур компаниясының өкілдері.