Мақсат Кенешев жаңашылдықтар жастар саясатын жүзеге асыруға, олардың шығармашылығын арттырумен қатар идеяларын қолдауға арналғанын жеткізді. Сонымен қатар ол өңірде жүзеге асатын бағдарламалар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
«Биыл 10-нан аса жаңа жобаны іске қосуды көздеп отырмыз. Аталған жобаның барлығы бұрын-соңды өңір аумағында жүзеге аспаған тың бастамалар. Негізгі мақсат – азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылығын дамыту және әлеуметтік жағдайын жақсарту», — деді орталық директоры Мақсат Кенешев.
Жобаларды жүзеге асыруға 6 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Олардың тізімі келесідей:
- «Жайдарлы Jaidarman» аудан, қала, облыс әкімінің кубогы ойындары;
- «Ауыл жастары» спартакиадасы;
- жас отбасыларды қолдау мақсатында «Үлгілі отбасы» атты жас отбасылар байқауы;
- «Студенттік көктем» студенттер фестивальі;
- «Жүректен жүрекке» мүмкіндігі шектеулі жастардың арасында байқау;
- «Жастарға ақпарат» мемлекеттік бағдарламалармен ақпараттандыру жобасы;
- «Заманауи би» байқауы және т.б.
Сонымен қатар орталық директоры былтыр қолға алынған «Алатау жастары» тұрғын үй бағдарламасының биыл да жүзеге асатынын айтты.
Айта кетейік, Алматы облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 280 мыңнан астам жас бар. Олар үшін 1 облыстық және 9 аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс істеп тұр.