Алматы облысында жол сапасын жақсарту және оны сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр, деп хабарлайды alataunews.kz.
Бүгінгі таңда облыс жолдарының 93%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 157,9 шақырым автомобиль жолының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 19,1 миллиард теңге бөлінді.
Жолдар мен көпірлерге күрделі жөндеу:
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхаметовтың мәлімдеуінше, 2024-2025 жылдары 45,1 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, су деңгейінің көтерілуінен зақым келген Талғар, Түрген және Қаскелең өзендері үстіндегі үш көпірге жөндеу жұмыстарын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) әзірленуде.
Жүк көліктерін бақылау:
Мамандардың айтуынша, жол сапасының бұзылуына ауыр жүк көліктері үлкен әсер етеді. Осы мәселені шешу мақсатында облыста 5 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда олардың екеуі іске қосылды. Бұл жобаларға жергілікті бюджеттен 441 миллион теңге бөлінген.
Тасжолды кеңейту жұмыстары:
«Талғар – Байтерек» бағытындағы 6,9 шақырым жолды екі жолақтан төрт жолаққа кеңейту жұмыстары аяқталды. Жоба аясында жаяу жүргінші жолдары орнатылып, бұл жұмыстарға 578,1 миллион теңге қаржы бөлініп, толық игерілді.
Жол қауіпсіздігі мен сапасын сақтаудағы бұл бастамалар өңір тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз қатынасты қамтамасыз етуді көздейді.






