Прокурордың айтуынша, Алматы маңындағы облыс жерлерінде бас жоспарға сай келмейтін құрылыс нысандары көптеп салынып жатыр.
«Алматы облысында нысандар түрлі деңгейде маңызы бар жолдарға, әлеуметтік объектілерге және т.б. жүктемені есепке алмай бой көтеріп жатыр. Біздің міндетіміз — ғимараттардың жоспарға сай емес салынуының себебін анықтау және оларды жою бойынша шаралар қабылдау. Ол үшін өңірде «Заң бойынша жер» жобасы іске қосылмақ», — деді Азамат Күреңкей.
Спикердің мәліметінше, жоба екі бағыт бойынша іске асырылады:
1. Жерге неліктен заңсыз ғимараттар салынып жатқанын анықтау. Оның ішінде, жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) заңбұзушылығы мен ЖАО мамандары әрекетінің бақылаусыз салынған нысандарға қатысты, я қатысты емес екеніне талдау жүргізу;
2. Жерді заңға қайшы әрекет жасау арқылы пайдалану жөніндегі іс-қимылдарға ықпал ететін не заңдастыратын нормативтік және заңнамалық актілерді қарастыру. Оның ішінде, Алматы төңірегіндегі елді мекендерде нысандарды бақылаусыз салуға жағдай жасайтын нормаларды анықтау.
«Жобаны іске асыру барысы және нәтижелері туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады», — деді прокурор.