Оңтүстік Кореядағы ең жоғары рейтингке ие жобалардың бірі — Менің кішкентай бойдақ жігітім телешоуының жаңа шығарылымы Алматы өңірінде түсірілді.
Миллиондаған көрермені бар бағдарлама SBS телеарнасында апта сайын эфирге шығады. Түсірілімге танымал корей актерлері Пэ Чон Нам, Ли Сон Мин, Ким Сон Гюн және Ким Чон Су қатысты.
Бағдарлама Алматы қаласы мен Алматы облысының негізгі туристік нысандарында түсірілді. Атап айтқанда, түсірілім жұмыстары Көлсай көлдерінде, сондай-ақ Көктөбе, Шымбұлақ, Медеу, Көк базар және өзге де көрнекті орындарда жүргізілген.
Алматы өңіріне арналған арнайы шығарылым 2026 жылдың ақпан айының басында SBS телеарнасынан эфирге шығады деп жоспарланып отыр.
Жоба режиссер-операторы Алматы өңірінің табиғаты өзіне ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.
«Мені бұл өңірдің Кореяда кездеспейтін кең тынысты әрі тосын табиғи көріністері қатты қызықтырды. Алматы Кореядан алыс болмаса да, мұндағы табиғат мүлде бөлек әсер қалдырады. Бұл — ауасы таза, қала өмірі мен табиғат бір-бірімен табиғи үйлесім тапқан ерекше өңір. Кореямен салыстырғанда, мұндағы табиғат әлдеқайда ауқымды әрі табиғи қалпы жақсы сақталғандай әсер береді», — деді ол.
Түсірілім барысында жобаны ұйымдастыру және логистикалық қолдауды Almaty Tourism Bureau командасы қамтамасыз етті. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Алматы облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және шетелдік аудиторияның өңірге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Алматы облысы халықаралық кино және тележобалар үшін тартымды алаңға айналып, өңірдің туристік имиджін нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.






